Қазақ хандығындағы дәстүрлі құқық және сот билігі

Dalanews 30 нау. 2015 20:47 2126

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мемлекеттік дәрежеде атап өтуге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәмидің бекіткен жоспарына сәйкес үстіміздегі жылдың 15 мамырында Астана, Алматы қалалық соттарының ұйымдастырумен «Қазақ хандығындағы дәстүрлі құқық және сот билігі» тақырыбында ғылыми конференция өтеді.

Конференция барысында Қазақстан аумағындағы ежелден қалыптасқан мемлекеттік басқару, құқықтық нормалар мен сот билігі туралы, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар, Қазақ хандығын нығайтуға сүбелі үлес қосқан Қасым хан, Хахназар хан, Тәуекел хан, Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан және әйгілі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің ел басқаруға дайындаған заң-ержелері мен билер сотының мемлекетіміздің құқықтық жүйесін нығайтудағы рөлі ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеліп, талқыланатын болады. Еліміздің мемлекеттілігін нығайтуда Қазақ хандығы мен оған қызмет көрсеткен билер сотының төрелігі, билердің құқығы мен әділдігі, мәдениеттілігі мен біліктілігі және оған қатысты құқықтық тарихи құжаттар жан-жақты зерделенеді. Конференцияға Астана қалалық сотының делегаттары сондай-ақ, республика көлеміндегі белгілі заңгерлер, тарихшылар, филолог, этнограф ғалымдар, ізденуші-зерттеушілер қатыспақшы.

Қазіргі уақытта Қазақ елінің құқығы мен билеріне қатысты жергілікті облыстық мұрағаттар мен музейлерде, кітапханаларда сақталған құнды құжаттар мен фото суреттерді, басқа да экспонаттарды жинап, сараптау жүргізу қолға алынған. Астана қалалық сотында орналасқан тарихи мұражайда Қазақ хандығы тұсындағы хандар мен билер сотынан мағлұмат беретін тарихи деректер жинастырылып, орналастырылған.

Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы, билер сотының төрелігі,  Майқы би заманынан бері қарайғы дала заңдарының мемлекеттік билікті дамытудағы маңызын, сабақтастығын талдау, мемлекет басқарудағы хандар мен сұлтандардың рөлі,билердің адвокаттық, прокурорлық міндеттері мен тергеу амалдарын жүргізуі, билердің заң шығару құқығы, билердің сот төрелігін жүргізудегі әділдігі және тәуелсіздігі,Қазақ билер сотының бітімгерлік рөлі жайындағы тақырыптар Астана қаласының аудандық соттарында зерделенуде.Билер шығарған заң-ережелер мен үкім-шешімдердің қазіргі Республика Конституциясынан, қылмыстық, азаматтық кодекстерден, өзге де заңдардан көрініс табуы, Қазақ билері жүргізген әділ сот тәжірибесіне сүйене отырып, қазіргі сот жүйесін жетілдірудің өзекті проблемалары сарапталуда.Қорытындылай айтқанда алқалы жиында билер сотының әділдік принципі – тәуелсіз еліміздің сот жүйесіндегі реформалық кезеңдер мен оның әлемдік стандартқа сай даму, көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет, Қазақстанда құқықтық және зайырлы демократиялық мемлекет қалыптастыру мен дамыту процесіндегі сот жүйесінің қосқан үлесі,мемлекетті құқықтық орнықтырудың маңыздығы жөнінде баяндамалар тыңдалатын болады.

Биыл Бас құжат – Конституцияның қабылданғанына 20 жыл толады. Қазақ мемлекетінің құқықтық қалыптасуы, ата заңымыз Конституция – «Жеті Жарғыдан» бастау алатынын нық сеніммен айтуға болады. «Қазақ хандығының нығаюы, Қазақ елінің құқығындағы заңдар жүйесі – «Жеті Жарғы» және оның бүгінгі Конституциямен сабақтастығы» жайында Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев өз ойын былайша жеткізді:

– Қазақ елінің үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындырып, бірегей Қазақ хандығын нығайтуға бағытталған идея, бүгінгі Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігінің даңғыл жолының бастауы болды. Ұрпақтың болашағын баянды ету жолындағы «Жеті жарғы» бүгінгі тәуелсіз еліміздің құқықтық демократиялық мемлекет орнатуының қайнар көзі деп білеміз. Үш жүзге билік жүргізген Би бабаларымыз Тәуке ханның тұсында қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жиынтығы – «Жеті жарғыны» қабылдады. 17-ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін, бейбіт өмірін сақтау мақсатында дәстүрлі құқықтық қағидаларды сақтай отырып, «Жеті жарғыны» бекітті. Қазақ қоғамының мемлекеттік дамуы жолында мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын, ел арасындағы ауызбірлікті сақтау, тәртіпті нығайту жаңа заңдар жүйесі «Жеті жарғыда» толық қамтылды. «Жеті жарғыға» сүйеніп, би-шешендер ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді әділ шешіп отырды. «Заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтып, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды» деген тарихи жазбалар бар. «Жеті жарғыдан», «Алаш» партиясының бағдарламасынан бастау алатын заңдар жүйесі бүгінгі 20 жыл толып отырған Ата Заңымыз – Конституцияның тұтас болмысы іспеттес, – деп түйіндеді.
17-ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін, бейбіт өмірін сақтау мақсатында дәстүрлі құқықтық қағидаларды сақтай отырып, «Жеті жарғыны» бекітті. Қазақ қоғамының мемлекеттік дамуы жолында мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын, ел арасындағы ауызбірлікті сақтау, тәртіпті нығайту жаңа заңдар жүйесі «Жеті жарғыда» толық қамтылды. «Жеті жарғыға» сүйеніп, би-шешендер ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді әділ шешіп отырды.

Ғаламдық жағдайда адамзаттың өсіп-өркендеуінде, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуында қо­ғамдық инсти­туттардың нығайюына ықпал ететін заңнамалық актілер қай кезеңде де заман талабына сәйкес болуы шарт. Осы тұрғысынан алғанда Бас құжат – Конституциямыздың құзыретінде құқықтық мемлекеттің негізі қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайды.

Биыл Қарамола заң ережесінің қабылданғанына 130 жыл толады. 1885 жылдың мамыр айында Қарамолада өткен съезде төбе би болып сайланған Абайдың өзі бұл құжатты жазып шыққан. «Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заңережелерінен» Абайдың ел билеудің әдеттік-құқықтық жүйесі мен ислам діні бекіткен заң нормаларын заман талабына сай жаңарту идеяларын айқын көруге болады. 74 ереже, яғни 74 баптан тұратын заң1886 жылы генерал-губернатордың бұйрығымен Қазан қаласында басылып шыққан.

«Елдестіру елшіден» дегендей, конференцияда қазақ қоғамындағы билер институтының рөлі, қазақ билер сотының бітімгерлік рәсімдер жөніндегі ғылыми зерттеулер бүгінгі заманмен сабақтасады. Осыдан бірер жыл бұрын «Медиация туралы» заң қабылданған болатын. Медиация институтын енгізудің алғышарттары Мемлекет басшысы бекіткен құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған. Медиация ұғымы бітімгер, мәмлегер, делдалдық ету, бейбіт келісім деген мағнаны қамтиды.

«Сот төрелігінің негізгі мақсаты – қылмыс жасаушылар қатарын көбейту емес, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру» екенін конференцияда Астана қалалық сотының судьясы Оралхан Тұрсынов талдайтын болады. Императивті жазалау нормаларын аса ауыр қылмыстарға қатысты сақтап, ал қалған қылмыстар бойынша шеккен зиянның орнын толтыру мақсатымен сот төрелігін жүзеге асырып, қылмыстық процесте татуластыру рәсімдерін қолдануды бағдар етіп алынуда. Бұл жаңадан қабылданған қылмыстық процестік кодекстің мақсаттарының бірі. Бүгінде еуропа елдерінің көбі осындай бағытты ұстанып келеді. Бұл құқық кеңістігінде өзінің дұрыстығын дәлелдеді. Медиация бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға балама ретінде қолданылып, қылмыс салдарынан болған залалдың орнын еселенетін мүлікпен толтыру, белгілі бір жерлерде мәжбүрлі жұмысқа тарту сияқты жазалардың заңдық тұрғыдан қолданылуы.

Осы медиация институтын зерттей келе бітістірушілік тәжірибесі қазақ елінің тарихында бағзы заманнан болғанын Астана қалалық сотының Кеңсе басшысының орынбасары Айбол Ибрагимовта өз баяндамасында тарқатады. Жалпы, медиация институты қазақ қоғамына жат емес. Ұлтымыздың тарихында билер институты болғанын жақсы білеміз. Бұл нағыз далалық демократияның жарқын көрінісі. Азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды билер, от ауызды, орақ тілді шешендер, данагөй ақсақалдар әділ шешіп отырған. Бұл қазақ халқының ежелгі өмір сүру салтынан келе жатқан құндылықтар. Медиация мен билер сотының көп ұқсастықтары бар және оны қазақ баласы ықылым заманынан бері қолданып келген. Билердің негізгі шешетін мәселесі – келген шығынды қалпына келтіріп дауласушыларды бітімге жеткізу. Осыны бірінші орынға қойып, екі тарапты да қанақаттандыруды көздеген. Қазіргі қолданылып отырған медиация билер институтының жарқын көрінісі.

Азаматтық сот өндірісіне судьяның қатысуымен бітімгершілік рәсімдерді (сот медиациясын) енгізудің пилоттық жобасы енгізілді. Сот медиациясы – бітімгершілік рәсімдерді жүзеге асыратын судьяның жәрдемдесуімен сот процесі тараптарының арасындағы дауды реттеудің бітімгершілік рәсімі. Медиация бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға балама ретінде қолданылып, қылмыс салдарынан болған залалдың орнын еселенетін мүлікпен толтыру, белгілі бір жерлерде мәжбүрлі жұмысқа тарту сияқты жазалардың заңдық тұрғыдан қолданылуы. Мәселен, өткен жылы барлығы 45 мың 259 азаматтық іс аяқталып, 30 мың 464 іс бойынша шешім шығарылды. Оның ішінде 355 іс бейбіт келісіммен аяқталды. Ал, қылмыстық істер бойынша 3 мың 157 тұлғаға қатысты 2 мың 611 іс қаралып, 1 мың 842 тұлғаға қатысты 1 мың 454 сот үкімі шығарылды. Медиаторлардың қатысуымен 105 қылмыстық іс қаралды.

2013 жылы «2014–2016 жылдарға арналған«Халық тарих толқынында» атты тарихи зерттеулербағдарламасы қабылданды. Отандық тарих ғылымының дамуында ұлттық тарихтың тұтас көрінісін қалыпастыру, отандық тарихтың өзекті мәселелерін зерттеу, тарих ғылымын жаңғырту мәселесі қолға алынды. Сол кезден басталған отандық тарихты зерттеу Абылай ханның 300 жылдық мерейтойымен ұласып,Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жылнамасына сабақтасты.

Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау бастамасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» ұлттық идеялогияға айналған идеясының бастамасы. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту, соттардыңжаңа тарих беттерін қайта қарап, сот жүйесінің ертеректен келе жатқан құқықтық дәстүрін кеңірек тануға, бүгінгі ұрпақтық санасында қайта жаңғыртып, болашақпен сабақтасуына мол мүмкіндік береді деген үміттеміз.

 

Тыныс АХМЕТЖАНОВА, Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің өкілі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар