Халықаралық Түркі академиясы ғалымдарынан құралған делегацияның Бейжіңге сапары барысында Қазақ хандығы тарихының жаңа беттерін ашатын құнды құжаттар тапты. Сондай-ақ, олар Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арналған жиын өткізді.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Елбасының Ұлытау төрінде берген сұхбатындағы үзіндіні келтірді. Онда: «Қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түркілерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі», – делінген. Қытайлық ғалымдар Қазақ хандығының материалдарына қызығушылық танытты.
«Қазақ ғалымдарының біздің институтқа келіп, баяндама оқып, пікір бөлісуі қазақ тарихының, жалпы қазақ халқы туралы біздің түсінігімізді кеңейтті. Осы сынды шаралар біздің стратегиялық маңызды көршіміз Қазақстанмен гуманитарлық-мәдени қатынастың кеңеюіне оң әсерін тигізеді», – деп атап өтті Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының этнология және антропология институтының директоры Ван Яньчжун.
Белгілі ғалым, профессор Бай Цуй Циннің сөзіне қарағанда, 1950 жылдан қытай тілінде қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы 2600-ден астам ғылыми мақала мен 10-нан астам кітап жарық көрді. Соңғы кездері аталған бағытты зерттеу бойынша докторлық және магистрлық жұмыстар саны көбейген.
Сапар барысында ХТА ғалымдары Қазақ хандығы туралы бұрын жарияланбаған құнды құжаттарды қолға түсірді. Солардың ішінде қазақ хандары мен сұлтандарының Цинь императорына шағатай және қалмақ тілдерінде жазған хаттары, Қазақ хандығы мен Цинь мемлекеті арасындағы дипломатиялық байланыс туралы манчжур тіліндегі маңызды қолжазбалар бар.