«Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер мырзаға
ХАТ
Осы хатты жазуға, 14 тамызда Аcтана-Алматы бағытындағы КС 954 рейсінде орын алған келеңсіз жағдай себепкер болды. Аталмыш рейсте Оғыз Доған есімді шетелдік азамат, өзіне мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұраған. Алайда ол талабы орындалмай, мемлекеттік тілдің статусына нұқсан келген. Оны әлеуметтік желіде жарияланған бейнеролик толыққанды дәлелдеп тұр.
Осы ретте «Эйр Астана» әуекомпаниясы Қазақстан Республикасының 1997 жылы 11 шілдедегі №151 заңы, яғни Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңның, 4-бабындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi» тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деген заң жолдарын өрескел бұзып отыр. Сондай-ақ, әуе саласына қатысты заң, ол – «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңы. Аталған Заңның 56 бабы, 6 бөлігінде көрсетілген (сөзбе-сөз) «Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті» деген заңның талабы да орындалмаған. «Эйр Астана» әуекомпаниясы «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңының 24, 25, 26 баптарында «қызмет көрсетушінің тұтынушыға ақпараттарды қазақ және орыс тілінде жеткізу міндетті» деген заң талаптарын тұтынушыға қызмет көрсету барысында бұзған. Бейнероликте жолаушының мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін бірнеше мәрте сұраса да, аталмыш заңдарды компания қызметкерінің бұзуы жалғаса бергенін анық көруге болады. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясын сыйламау деп түсінеміз.
«Эйр Астана» әуекомпаниясы өзінің ресми мәлімдемесінде біздің барлық қызметкерлеріміз қазақ тілін жетік біледі және жолаушыларға мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді деп қадап айтты. Бірақ біз бейнероликте компания қызметкерінен қазақ тілін ести алмадық. Сондықтан біз компаниядан келесідей қадамдарды орындауды талап етеміз:
Мемлекеттік тілде қызмет ала алмаған жолаушыдан, аталмыш жағдайда Оғыз Доған мырзадан кешірім сұрасын.
Мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеген компания қызметкеріне компанияның ішкі тәртібіне сәйкес шара қолданылсын.
«Эйр Астана» әуекомпаниясы қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін тексеру мақсатында қоғамдық комиссия құрылсын. Оның еркін және ашық түрде жүргізілуіне мүмкіндік берілсін.
Оғыз Доған
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ: «Эйр Астана» әуекомпаниясы аталмыш жағдайға қатысты бірнеше мәлімдеме жасады. Мәлімдемелерде Оғыз Доған мырзаның тақтайшаны дер кезінде көтермегені айтылуда. Оғыз мырза ол айыпты толық мойындап, 6800 теңге айыппұлды төлеуге дайын. Бірақ мәселе қаражатта емес, мәселе принципте. Егерде жолсерік тақтайшаға қатысты ескертуді мемлекеттік тілде жеткізсе, сөзсіз талап орындалар еді. Себебі Оғыз мырза орыс және ағылшын тілдерін жетік білмейді. Аталған талаптар орындалмаған жағдайда, Оғыз Доған заң аясында өз мүддесін қорғайтын болады.
Алматы қаласы, 16.08.2017 жыл