Қазақ тіліндегі құжаттарда қате болмауы тиіс - Мәулен Әшімбаев

Қаракөз Амантай 24 қаз. 2024 15:37 3956

Сенат отырысында Қазақстан мен Өзбекстанның экология саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі келісімнің қазақ тіліндегі нұсқасында қателер анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Ол қазақ тіліндегі мәтіндерге аса мұқият қарау керек екенін жеткізді.

“Бұл проблеманы депутаттарымыз бірнеше рет көтерген. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі мәтіннен қате жіберіп, оны қайта түзету орынсыз”, – деді Әшімбаев.

Ол мемлекеттік тілдің мәртебесі артып, кәсіби мамандардың саны көбейіп жатқанын алға тартты.

Бүгінде шет тілдердегі ауқымды ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударып жүрген білікті мамандарымыз жетерлік. Соңғы жылдарда олар белсенді жұмыс істеп келеді. Оған бәріміз куәміз. Сондықтан бізде түрлі терминдермен жұмыс істейтін, қалыптасқан мамандар жеткілікті деп айтуға әбден болады. Сол себепті құжаттарда қазақ тіліндегі мәтінде қате болмауы тиіс. Ал, халықаралық келісімдерде бұған мүлдем жол беруге болмайды”, – деді төраға. Әшімбаев

Осы тұста ол халықаралық келісімдерде қате жібермеу үшін тиісті ведомстволардың кәсіби мамандармен тығыз жұмыс істеуі қажет екенін баса айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар