Жыл он екі ай балаларды тегін емдейтін орталық

Жарбол Кентұлы 23 қаз. 2024 19:18 2524

Өскеменнің іргесіндегі Винное ауылында жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейтін жабық ат спорты манежі ашылды. Оған аймақ басшысы Ермек Көшербаев қатысып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын нығайту мақсатында Зайсан ауданында да атқа мінуді үйрететін және иппотерапия қызметтерін ұсынатын орталық ашылады. Оған келушілер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ем қабылдамақ, – деді Ермек Көшербаев.


Мұнда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 127 бала сауықтыру-жаттығу жиындарына қатысып жүр. Осы мақсатта 102 миллион теңге бөлінген. Оларды арнайы жабдықталған автокөлікпен алып келіп, апарып салады. Әр баламен арнайы сала мамандары айналысып, атқа отырып жүруді үйретеді. Ауруына байланысты әр балаға жеке бағдарлама қарастырылған.

«Титан» ат спорты кешенінің базасындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған атты спорт клубында 2009 жылдан бері атпен жүруді үйренгісі келетіндер үшін ақылы сабақтар өтетін. Бір күні осындай сабақтардың біріне сал ауруымен ауыратын баланы әкеледі. Аяғы мүлде қозғалмайтындықтан ер-тоқымға отырғызу мүмкін болмай, ата-анасының көмегімен аттың үстінде ер-тоқымсыз отырып, біраз серуендеді, - деп еске алады жаттықтырушылар. Атқа отыру ұнағаны соншалық, келуді жиілетті.

Біртіндеп баланың ұйқысы, тәбеті дұрысталып, көңіл күйі жақсарды. Осы жағдайдан кейін өзге де мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары хабарласып, сабаққа жазылуға ниет білдірген. Ал клуб жаттықтырушылары болса, мүмкіндігі шектеулі балаларды аттың көмегімен оңалтуға байланысты әдістемелік материалдар іздестіріп, нәтижесінде «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі құрылады.

Бүгінде мұнда психолог, нұсқаушы, әдіскер, кеңесші, атшы, бапкер, медицина қызметкері сияқты білікті мамандар еңбек етеді. Науқас балалардың денсаулығы мен көңіл күйінде оң нәтиже байқалған соң, арнайы бағдарлама жасалып, оны жүзеге асыруға емдік дене шынықтыру мамандары мен психологтар тартылады. Алдымен оңалту шараларын қадағалап отыру мақсатында арнайы құжат толтырылып, оң нәтижелер жазылып отырады. Осындай талдау жұмыстарының негізінде мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапия әдісімен оңалтудың арнайы бағдарламасын жасау мүмкін болған.

Салт атпен жүру кезінде олардың өз-өзіне деген сенімділігі артады. Соның әсерімен баланы жүруге, сөйлеуге бейімдеуге, ең бастысы, көңіл күйлерін көтеруге болады. Қазірдің өзінде осындай дәрісіз емдік тәсіл олардың оңалып кетуіне шипасы тиіп жатқанын да біліп отырмыз. Бұрын атқа мініп көрмеген балаларды атқа мініп жүруді нұсқаушылар үйретеді. Қажет еткендер иппотерапиямен емдеу қызметін біздің орталықта пайдалана алады, – деді «Ақ тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Екатерина Руденко.


Облыстық қоғамдық кеңестің мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі сараптама комитетінің төрайымы Ольга Кузовлеваның айтуынша, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан иппотерапия және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ат спорты жобасы посткеңестік елдер бойынша алдыңғы қатарлы бірегей жоба. Тіпті, иппотерапияны қолға алған әлем елдерінің өзінде емдік-атпен жүру сабақтары қарапайым ат үйрететін манежде немесе шағын телімдерде өтеді. Ал біздің облыс орталығына жақын маңдағы Винное ауылында орналасқан үлкен манеж мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға арнайы жасақталған.

– Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларында ашылған дәл осындай орталықтың мамандары Өскеменнің іргесіндегі Винное ауылындағы осы манежге келіп, тәжірибе жинақтап, сертификат алады, – деді Ольга Кузовлева.


Естеріңізге сала кетейік, еліміздің ат спорты бойынша ұлттық параолимпиада құрамасының сапында тек қана шығысқазақстандықтар өнер көрсетіп, байрақты бәсекелерден жүлдемен оралып жүр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар