Алматыда жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған баспасөз конференциясы басталар алдында оның спикерлерінің бірі полицияға жеткізілген. Бұл туралы Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылық бюросы мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz.
Ұйымның мәліметінше, "Жаңа Конституция жобасына ұсыныс" тақырыбындағы баспасөз жиыны алдын ала жоспарланған. Алайда спикерлердің бірі Жарқын Күрентаевты полиция қызметкерлері ұстап, әңгімелесу үшін алып кеткен.
Аталған іс-шарада Конституцияның 9-бабын алып тастау немесе өзгерту жөніндегі ұсыныстар талқылануы тиіс болған. Сондай-ақ қолданыстағы норманы сақтаудың ықтимал салдары, балама нұсқалар және ашық қоғамдық конституциялық пікірталас өткізу мәселелері қарастырылуы жоспарланған.
ҚҚАҚБ дерегінше, баспасөз конференциясына адвокат Мейірман Қалмаханұлы, қоғам белсенділері Дос Көшім және Жарқын Күрентаев қатысуы керек еді. Кейін жиын Күрентаевсыз өткен.
