[caption id="attachment_9000" align="alignright" width="462"] Біздің тарих - ю-қию, шырғалаң[/caption]
Қазақ хандығының тарихы қазақ мемлекеттігінің тарихы болып қала береді. Сондықтан бүгінгі және келер ұрпақ қазақтың өз мемлекеті, біртұтас ұлан-байтақ жері болғанын біліп өскені абзал. Осы тұрғыдан алғанда Елбасымыздың Қазақ хандығының 550 жылдығын республика көлемінде атап өту жөніндегі шешімі өте орынды деп білемін.
Осы іс-шараның аясында төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстары қайта жазылып, біртұтас ұлттық тарихымыз өмірге келетіні сөзсіз. Өкінішке орай, белгілі тарихшы-ғалым Уахит Шәлекеновтың: «Қазақ» тарихын жазуға әлі кіріскен жоқпыз. Кеңес өкіметі тұсында жарық көрген бес томдық «Қазақ КСР тарихын» 1996, 1998, 2002-2010 жылдары «Қазақстан тарихы» деп атын өзгертіп алғанымыз болмаса» дегені көңілге қаяу түсіреді. Ал сонда «аузымен құс тістеген» тарихшыларымыз осы кезге дейін не бітіріп жүрген?
«Қазақстан тарихының» (яғни, «Қазақ тарихының») орта мектептерде оқытылуы да көңіл көншітпейді. Мектептегі тарих оқулығы сірескен цифрлар мен даталардан көз аштырмайды. Оларды оқушылардың есте сақтауы мүмкін емес. Балалардың миын есте тұрмайтын кілең цифрлармен қатырғанша, тарихи деректерді олардың түсінігіне лайықтап, есте қалар оқиғалармен қызықты етіп баяндап берсе, едәуір тиімді болар еді
Тағы бір тарихшы-ғалымның сөзіне жүгінейік. Профессор Жанұзақ Әкімнің мына бір сөзін мен «Айқын» газетінен (2011 ж.) оқыған едім. «Ширек ғасыр тәуелсіз өмір сүріп жатырмыз, – дейді ол. – Ширек ғасырдың ішінде көп нәрсе істеуге болатын еді. Өкінішке қарай, баяғы кеңестік тарихты жазғандар төл тарихымызды қайта жазды. Сол баяғы ескі соқта. Біз құлдыққа үйреніп қалғанбыз. Әлі күнге жалтақтап отырамыз. Бізде тарихымыздың ішінде тұлғалардың жетіспей жатқаны рас... Қазақстан тарихы – қазақ халқының тарихы болуы шарт. Оның ішінде біздің мемлекеттілігіміз баса көрсетілуі тиіс». Осыған қарағанда біздің тарихшыларымызда тек тұлғалық қасиет қана емес, ұлттық намыс пен патриоттық рух та жетпей жатқан сияқты. Мына көршілес отырған қырғыз бен өзбек бауырларымыз өздерінің төл тарихын түгелдеп, белдерін бек буып отырғанда, бізге жайбарақаттық жараспайды-ақ.
«Қазақстан тарихының» (яғни, «Қазақ тарихының») орта мектептерде оқытылуы да көңіл көншітпейді. Мектептегі тарих оқулығы сірескен цифрлар мен даталардан көз аштырмайды. Оларды оқушылардың есте сақтауы мүмкін емес. Балалардың миын есте тұрмайтын кілең цифрлармен қатырғанша, тарихи деректерді олардың түсінігіне лайықтап, есте қалар оқиғалармен қызықты етіп баяндап берсе, едәуір тиімді болар еді. Мысалы, кезінде біз 4-сыныпта оқыған «КСРО тарихындағы» «Куликово шайқасы» тақырыбының оқиғасы әлі күнге есімде. «Таң ағарып ата бастады. Шығыстан қып-қызыл болып күн көтеріліп келе жатты. Куликово даласындағы жауынгерлердің тау-тау болып жатқан өлігінен көз сүрінеді. Тірі адам жоқ. Тек құзғын-қарғалар ғана өлексеге бір тоятын болдық деп қуана қарқылдайды. Айнала қан сасиды...», – деп басталатын «Куликово шайқасы» туралы тақырып бізді бірден өзіне тартып алып, әрі қарай не болды екен деген ынтызар сұрақ жетелей түсетін еді. Қазіргі біздің тарих оқулығымызда тарихи оқиғаны осылай шебер суреттеу жағы жетіспейді. Сондықтан, біз мектептегі тарих оқулығын жөнге келтірмей, жас ұрпақ санасына тарихи шындықты сіңіре алмайтындығымызды ұмытпағанымыз абзал. Сонымен қатар, орта мектепте тарихты оқытудың әдістемесі де түбегейлі жаңартылуы тиіс.
Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге дайындалу, осының аясында өткізілетін іс-шаралар көптеген игіліктерге жалғасатыны сөзсіз. Сондай-ақ, бұл мереке тарихшыларымызға да қозғау салары айқын. Осының бәрі төл тарихымызды тірілтуге септігін тигізіп жатса – халыққа керегі де осы.
Құрыш Сыдығалиев,
тарих пәнінің мұғалімі,
Жуалы ауданындағы
№15 орта мектеп директоры.
Жамбыл облысы.