Қазақ жазушылары туған ауылдардың тағдыры қыл үстінде тұр - сенатор

Қаракөз Амантай 13 қыр. 2024 15:15 3418

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп қазақ жазушылары өмірге келген ауылдардың жабылып жатқанын сынға алып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сөз басын ол демографиялық саясаттан бастады. Оның айтуынша,бұл мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатыр.

“Мәселен, елімізде демографиялық салада уәкілетті орган анықталмаған. Демографиялық зерттеулер жүйесін болжау да құрылмаған. Демографиялық саясат мәселелерінде мемлекеттің нақты ұстанымы анықталмаған. Сенаттың демография саясатына қатысты көтерген өзекті мәселелердің бәрін Үкімет елемейтін болса, сырғытпа жауаптармен құтылса, сонда Үкімет сағатын не үшін өткіздік? Үкімет берген жауап біздің көңілімізді көншітпейді. Демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі мәселелеріне жүйелі және шұғыл шешімдер қажет", - деді сенатор.

Сенатордың сөзінше, соңғы жылдары солтүстік өңірлерде адамдар саны күрт азайған. 

"Ұлттық статистикасы бюросының дерегіне сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон сальдосы 2024 жылғы 1 шілдеде теріс болды – минус 3396 адам. Сондай-ақ СҚО бойынша табиғи өсім мың адамға шаққанда теріс сальдоға тең – минус 1,94 адам. Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында туған адамдардың саны жыл сайын азайып жатыр", - деді Нұртөре Жүсіп.

Осыған байланысты қазіргі таңда қазақ жазушылары туған ауылдар жабылып жатқанын алға тартты.

“Құрметті Олжас Абайұлы, өңірлерге жұмыс сапары барысында халықпен кездесулер өткізіп келдік. Демографияға қатысты сұрақтар тағы алдымыздан шықты. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сәбит Мұқанов ауылы жабылған. Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің ауылы жабылуға жақын. Еңбек ері, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов туған Жаңа жол ауылының да тағдыры қыл үстінде тұр", - деп қосты депутат.

Осы тұста ол солтүстік өңірлерде әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын дереу қолға алуды, аймақтарға жастарды тарту, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап, нақты шешімдер қабылдануы керек екенін жеткізді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар