Жетісу облысы әкімінің өкімімен Ұлан Ғалымұлы Рысқұл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Белгілі спортшы бұған дейін де бұл лауазымды атқарған. Ол 2023 жылдың 16 наурызында басшылыққа келіп, 2024 жылы қызметінен босатылған еді. Сол уақыттан бері басқарма басшысы орны бос тұрған.
Ұлан Рысқұл 1986 жылы дүниеге келген, бірнеше жоғары білімі бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құқықтану мамандығын, Д.А. Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетінде қаржы саласын, ал Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығын тәмамдаған.
Ол – дзюдодан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері, сондай-ақ қазақ күресінен ҚР спорт шебері. Ұлан Рысқұл «Қазақстан Барысы» турнирінің алғашқы жеңімпазы ретінде елге танымал.
Еңбек жолын Астанадағы Спорт істері комитетінде бастап, ұлттық штаттық командада нұсқаушы-спортшы қызметін атқарған. Кейін түрлі спорттық ұйымдарда басшылық қызметтерде болған. Сонымен қатар, ол «Qazaq kuresi» халықаралық федерациясының бас хатшысы лауазымын да атқарған.