Шалкиіз жыраудың өмір сүрген дәуірі мен мекені туралы ел аузынан жазылған қолжазбалар мен жыраудың өз шығармалары ғана хабар береді. Ертелі-кешті жырау шығармалары жарияланған жинақтарда, қазақ ақыны Мұрат Мөңкеұлы жырлаған «Шалкиіз» толғауында, сондай-ақ ел аузынан жазылған материалдарда Шалкиіздің «ноғайлы» екендігі айтылады. Біздің қолымыздағы «Салкез батырдың Орақ, Мамайға айтқаны» деген қолжазбада жыраудың балалық, жігіттік шағы Орақ, Мамай маңында өткендігі, бірақ батырдың Ноғай ордасындағы бедел, құрметін күндегендер оны елден кетірмек болып, жауға жалғыз жұмсағаны, батырдың жауды жеңіп келіп, аттан түспестен, Орақ, Мамай мен жиналған жұртқа жыр толғап — өкпесін айтып, жапан-түзге кеткені айтылады. Аталмыш материалдарға қарағанда, Шалкиіздің Ордада – Орақ, Мамай маңында өсіп, бедел-даңқы сол кезде белгілі болғаны көрінеді.
Шалкиіз Темір биге Орақ, Мамай ордасынан кеткесін барғанға ұқсайды. «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны» деген толғауларына қарағанда, оның Темір бидің қолбастар батыры, жұртты аузына қаратқан аталы сөз айтар ақылшы жырауы болғандығы аңғарылады. Өкпелеп, ажырап кетіп барып қайта табысады. Бұл жайды аталмыш толғаулар мазмұнынан және В.В.Радлов ноғайлар арасынан жазып алған «Шалкиіз» деген материалдан, «Шайыр» жинағындағы жырау шығармаларына берілген түсініктерден айқын көреміз. Соңғы жылдарда табылған, яки ноғайлар арасынан жазылған Шәлкез өлеңдері де жырау өмірі туралы жаңа деректермен толықтыра түседі. Ноғайлар арасынан филология ғылымының кандидаты А.Сиқалиев жазып алып, жариялаған «Мен иемнің күнінде», «Алай жаным» деген өлеңдеріне, Үпі (Уфа) архивіндегі «Қазақ өлеңдері мен хиссалары» дәптеріндегі «Әжікам, сен Мансұрұлы Тоқусан» деген өлеңіне қарағанда, Шалкиіз бірқатар уақыт Әзике (Әжіке) сырза қарамағында болады. Біздің қолымызда бар деректерден,-деп жазады М.Мағауин, — Шалкиіздің (біздіңше, Шалкиіз деген қисынды. — С.Қ.) Темір би өлгеннен соңғы өмірі Мамайдың және оның інісі Жүсіптің төңірегінде өткендігі көрінеді.
Мен жоғарыда баяндап өткен жайларға қарағанда, Шалкиіздің ХҮ ғасырдың ІІ жартысы мен ХҮІ ғасырдың 70-жылдары аралығында өмір сүргені аңғарылады. Ел аузынан жиналған материалдарда Шалкиіздің сәби кезінде Орақ, Мамай аты белгілі батырлар. Зерттеушілер мәліметіне сүйенсек, Алшағырұлы Орақ 1496-1548 жылдарда өмір сүрген. Мамай 1549 жылы өледі. Шамамен Орақ 20-25-терде батыр атанды десек, Шалкиіз 1516-1520 жылдар дүниеге келген болады. Бірақ бұл жоба тарихи деректерге қайшы келеді. Себебі, Шалкиіз ұлығылай жырлайтын Темір би 1480 жылы Угре жорығына қатысады, ХҮ ғасырдың 90-жылдары тарих сахнасынан кетеді, Ноғай Ордасын 1504 жылы оның ұлы Тәуекел билейді. Демек, Шалкиіздің Темір дүниеден өткесін тууы шындыққа сәйкес келмейді. Бұған қарағанда, дәл сол тұста ел аузынан жазылған деректерге сүйенудің жөні жоқ. Себебі, тарихи деректерде Орақ, Мамай Шалкиізбен тұрғылас, тіпті бірқатар жас кіші боп та шығады.
Шалкиізді Хақназарға кетуге мәжбүр еткен Жүсіп 1554 жылы өледі. Бұл кезде жырау Орақ, Мамай, Би Темір, Тәуекел, Әзике, Жүсіп маңында болып, Қазақ хандығына барған, егдерген кезі еді. Шалкиізді ХҮ ғасырдың ІІ жартысы мен ХҮІ ғасырдың орта кезі аралығында өмір сүрген деу орынды. Ел аузынан жиналған қолжазбалар мен ХХ ғасыр бас кезінде баспа жүзін көрген кітаптарда Шалкиіз ноғайлының жырауы еді делінеді. «Шайыр» жинағындағы Шалкиіз толғауына берілген түсінікте оның Қояс руынан екені айтылады. Бұл деректі ел аузынан жазылған шежірелер де бекіте түседі. Алшын ішіндегі «ноғайлы» құрамындағы Қояс руының қариясы Ақбаев Елеш өзін Шалкиіз батыр ұрпағы санайды. Елеш өз ата-тегін: Шалкиіз-Ержақай-Жанғабыл-Бекболат-Аружан-Қараша-Қалмамбет-Шақа-Сақ-Сәмет-Құдайберді-Қаз-Ақбура-Байғазы-Құрманғазы-Құлмақамбет-Өтәлі-Ақбай деп таратады. Демек, Шалкиіз – Елещтің он тоғызыншы атасы. Елеш қария шежіресіне қарағанда, алтыншы атасы Ақбура батырды беріш Саржала батырмен байланысты әңгімелейді.
Шалкиіз шыққан Қояс руы қазіргі ноғай халқы құрамындағы тайпалар мен ру аттары арасында кездеспейді. Бұған қарағанда, Ноғай Ордасының көптеген рулары Еділдің Кавказ бетіне көшенде, Қояс руы түгелдей Алшын арасында қалса керек. Немесе Қояс руы Ноғай батыр дәуірінен (ХІІІ ғ-дан бері) Алшын арасында жүрген түрік-моңғол руларының бірі, кейін барып «ноғайлы» не «ноғай-қазақ» руы құрамына кіруі мүмкін. Демек, Қояс руы бағзы «ноғайлы» руы болсын әлде Ноғай Ордасы сарқыншағы болсын, қалай болғанда да, Шалкиіз Ноғайлы елінде, Ноғайлы аймағында – Батыс Қазақстан өңірінде дүниеге келіп, бар өмірін Еділ, Жайықтан Қазан мен Түменге, Жемнен Сыр сағасына дейінгі Қыпшақ даласында өткізгендігі аңғарылады.
«…Өз заманы үшін қадірлі де құрметті кейбір шығармалары ауызша ғана тарап қоймай, жазбаша да тарағандығы туралы болжам жасауға итермелейді. Мүмкін, бізге жеткен М.Османов, Ғ.Мұштах (Ғ.Қараш) жинақтарына негіз болған ел ішіндегі қолжазбалар, Үпі архивіндегі «Қазақ өлеңдері мен хиссалары» сол дәуірдегі жазбалардан біреу көшіру арқылы жеткен мұралар болар. Мұндай жазбалар ертелі-кешті архив қазыналары мен сол кезде ноғайлы аталған аймақтан тараған түркі тілдес халықтар арасынан табылуы мүмкін.
Шалкиіздің «Ғизмет иәм би Темір», «Бәйтерек», «Арық хан», «Қатынасы биік көлдерден», «Боз үстінде от жаққан», «Мен иемнің күнінде» өлеңдері мен кейбір жыр жолдары қазақ, ноғай арасынан жиналған жырау мұрасының қай-қайсысында да кездеседі. Ал Шалкиіз мұрасының ең маңызды әрі көлемдісі саналатын «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны», «Шағырмақ бұлт жай тастар» толғауларының қазақ арасынан жиналып, алды бұдан бір ғасыр бұрын (1875) жарық көрген. Шалкиіздің бізге жеткен жырлары түгелдей азаматтық, әлеуметтік лирикаға жатады. Ол өз көңіл күйін толғайтын бірділі-екілі толғауының өзінде де өмір заңдылығын, заман үлгісін қатар суреттей отырады. Жырау – «от басы. Ошақ қасының» қарапайым пендешілік халіне айналмай, өзіне дейінгі Һәм өз заманындағы қилы-қилы сырларға көз жібереді, өмірде көрген көп жайларын көңіл таразысына салып, қорыта толғайды, көсем көңілмен, өнегелі сөзбен ізгілікке үндейді.
Шалкиіз шығармалары ой, мазмұны жағынан қисынды, жүйелі келеді. Мысалы, өлең жолдары бірінде аздау, кейбіреуінде көбірек он бір тирададан тұратын «Би Темірге айтқаны» толғауын алайық. Кеше ғана Темір би сарайында шалқып жүрген өзі би, өзі батыр атақты жырауды бүгін тағдыр түзге тентіретсе, жыр дүлдүлінің бақ, мансабын көре алмаған орда маңындағы «күйбеңдескен көп жаман» жанындай санап, бек сенген Темір биді бұған қарсы қойса, жырау не демек, өз көңіл күйін қалай жеткізбек? Жырау Темір биге деген өкпе-ызасын, оның маңындағы жандайшаптарға деген кекті Һәм сілтілі сөздерін бірден лақ еткізбей, алыстан орғыта, өз халін табиғат құбылыстарына ұқсата, жұптастыра, салыстыра толғайды. Шалкиіз нөсер алдындағы түнерген аспанды, көкшілден соққы жеген құс еркесі қудың қайғылы халін тектен-тек айтып отырған жоқ.
Міне, алғашқы тираданың соңғы төрт жолының өзінде де жанама хабар айтқандай, жай жоспармен, меңзей толғайды. Ал екінші шумақта өзі үшін Темір би кім еді, үшіншіде өзі Темір үшін кім еді, — соны жырлайды. Кемел ақыл, кенен ой, бұлтартпас биік, тепсінген тегеурінмен Темір биді тізгіндеп, жуасытып алған жырау кейінгі бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы шумақтарында ақыл, ғибратқа көшеді. Шалкиіз бұл тұста «шамаңды біл, жасық жима, асыл жи» дегендей. Тек толғау соңында ғана тағы да бәсік көңілмен үшінші шумақта айтқан Темірге ақ-адалдығын дамыта, тереңдете түседі. Шалкиіз жырларында суреттелетін адамдар – Темір, Әзике, Мансұр, Арық хан және жыраудың өзі. Жыраудың өзін біз көбінесе лирикалық «Мені» арқылы танимыз. Осылардың ішінде жыраудың Темір би мен өзін бейнелеуінен сөз зергерлігін анық аңғарамыз. Темірді құдіретті етіп көрсетуде жырау оны сахара аспаны астында көздеген жеміне жасындай ойнап, жайдай жарқ етер сұңқардың тегеурініне балайды. Жырау «қу сұлтаны – саһар, саһарды сайлап қаусырған боз сұңқар» — Темірді құс азғыны құладынға қарама-қарсы қойып, шендестіре суреттейді. Шалкиіз бейнелеуінің әсерлілігі сол — әлгі сұңқардың сұмдық қайрат-қуаты мен қимыл-әрекетін көріп отырғандай сезінесің. Демек, бұл жырау сөзінің эмоциялық әсер-қуатының күштілігі.
Шалкиіздің «Арық хан», «Боз үстінде от жаққан», «Әжіқам, сен Мансұрұлы Тоқусан», «Мен иемнің күнінде» сияқты өлеңдерінде Темір бейнесін толықтыра түсер детальдар мол. Бұлардың қай-қайсысында да Темір туралы үлкен мақтаныш сезіммен мадақтай жырлайды. Шалкиіз аталған жырларда Арық хан, Әзике, Мансұр сияқты шонжарларды Темір образына қарама-қарсы бейнеде суреттейді. Жырау бейнелеуіне қарағанда, Арық хан – Темірдің тегеурініне төтеп бере алмас төменшік адам, Әзике – қатыгез, әділетсіз мырза. Шалкиіз жырларынан жыраудың өз бейнесін де ажырата тану қиын емес. Ол Темірге арналған толғауларында өзін бидің жан аямас шын берілген ақ, адал қызметшісі – «көп құлының бірі» ретінде суреттейді. Бірақ Шәлкез мәңгі бақи сол күйде, сол көңілде қала бермейді. Байлық мен мансап, атақ пен абырой жел айдаған бұлттай жөңкіліп жүре беріп, тар кезеңге тап болған жырау өмірінің біраз ізі осы шумақтан да байқалады. Бұл хас батырға тән мәрттік мінезбен қатар, заман тәлкегіне түсіп, неге болса да бел буып, бекінген жанның берік тәуекелі мен ашынған көңілінің ақтарылған сыры дерлік. Мұны өлеңнің тепсініп келген тегеурінді ырғағымен, күңіренісімен күші басым өлең жолдарынан мол сезінеміз. Мұндай әуен Шалкиіздің әЕділім» толғауына да тән. Бірқатар жолдары Қазтуған жырына сәйкес келетін бұл шығарма – жыраудың туған жерімен амалсыз қоштасуы, «Шөбі – секер, суы – шәрбет» ата қонысты қимас сезімнен туған телегей теңіздей терең тебіренісі.
Жырау жақсы мен жаман арқылы ер мен ез, мәрт пен нәмарт сияқты адам бойында кездесетін екіұдай кереғар қасиет-мінездерді салыстыра суреттеу арқылы дәуірден дәуірге көшіп келе жатқан көптеген өмір сырын байыпты бағалайды. Шалкиіздің «Қатынасы биік көлдерден», «Тобылғының берігі», «Бостаны барды теректің», «Айдынға шүйсең, тардан шүй», «Бар күшіңді сынамай» шумақтары және «Шағырмақ бұлт жай тастар» дейтін ұзақ толғауы – не замандар бойы өмір тәжірибесінен қорытылған саралы ойлар жиынтығы, өмір аксиомасы дерлік. Бұларда ақыл-ғирбат та, өнегелі өсиет те мол. Бұл саладағы толғауларынан Шалкиіздің өрісті ойларын, замана шындығын, дәуірдің елеулі мәселелерін көтере білген кемел парасатын тани түсеміз.
Зейнолла Абажанов