Қайрат Боранбаевтың компаниясына тиесілі болған жер телімін аукцион арқылы сату мүмкін болмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Электронды сауда алаңының деректеріне сүйенсек, аталған жер учаскесіне қатысты аукцион 13 тамыз күні өткен. Алайда аукцион басталған сәтте бірде-бір қатысушы тіркелмеген, сол себепті сауда өткізілмей қалды.
Бұрын Almaly холдингіне тиесілі болған бұл жер телімі Шиен ауылының маңында орналасқан. Жалпы көлемі 3323 гектарды құрайды. Бастапқы сату бағасы – 243 миллион теңге.
Тек бір жер телімі ғана сатылды
Сол күні, яғни 13 тамызда, мемлекет меншігіне қайтарылған активтерді басқаратын компанияның балансында тұрған тағы тоғыз жер телімі бойынша да аукциондар жоспарланған. Алайда солардың ішінде тек бір жер телімі сатылды.
Атап айтқанда, Шамалған ауылында орналасқан, жалпы көлемі 4546 гектар болатын жер телімі 217 миллион теңгеге сатылды. Бұл лот бойынша бір ғана қатысушы саудаға қатысуға ниет білдірген. Аталған жердің бұған дейін кімге тиесілі болғаны белгісіз.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында тәркіленген 10 жер телімі аукционға қойылғаны туралы жазған едік. Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы хабарлады.
Ең арзан лоттың бастапқы бағасы 11,2 млн теңгені, ал ең қымбаты - 474,7 млн теңгені құрайды. Барлық лоттардың жиынтық бастапқы құны 1,5 млрд теңгеге жетеді.
Аукционға қойылған жер телімдерінің бірі - аумағы 3323 гектар болатын учаске - бұрын Қайрат Боранбаев құрылтайшысы болған Almaly холдингіне тиесілі болған. Ол Шиен ауылының маңында орналасқан. Бұл учаскенің бастапқы бағасы - 243 млн теңге.
Аукционға қатысу үшін:
E-Qazyna платформасында тіркелу;
Кепілдік жарна енгізу;
Өтінішті белгіленген мерзімде тапсыру қажет.