Қайрат Боранбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш беріп, артынша оны қайтарып алды

Көркем Алдабергенова 03 қаз. 2025 10:19

Бұрын аса ірі көлемде ұрлық және ақшаны жылыстатқаны үшін сотталған қазақстандық бизнесмен Қайрат Боранбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрап өтініш түсірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еске салсақ, 2023 жылдың 31 наурызында сот Қайрат Боранбаевты Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп таныған болатын: қылмыс жасауға жәрдемдесу (28-бап, 5-бөлік), аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін ұрлау (189-бап, 4-бөлік, 2-тармақ), сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған кірістерді топпен заңдастыру (218-бап, 3-бөлік, 3-тармақ). Осы айыптардың жиынтығы бойынша ол сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

Алайда маусым айының соңында үкімнің күші жойылып, іс апелляциялық тәртіпте, бірақ бірінші инстанция ережелері бойынша қайта қарауға жіберілді.

Осыдан кейін қыркүйек айында апелляция қорытындысы бойынша Боранбаев қайтадан кінәлі деп танылып, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2023 жылғы 6 қарашада ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қайрат Боранбаевтың жазасын ауыстыруға байланысты қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен босатылғанын хабарлады. Бұған дейін бизнесмен мемлекетке миллиардтаған ақша мен ондаған бизнес-активін өткізген.

Оның өтелмеген бөлігі бостандықты шектеу жазасына ауыстырылды. Ол тұрғылықты жеріне өз бетімен бару, пробация қызметіне тіркелу және оның бақылауында болуға міндеттелді. 

Боранбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішіне байланысты сот отырысы 2 қазанда Бостандық ауданының қылмыстық сотында онлайн-форматта өтті.

«Сот отырысы барысында сотталған өз өтінішін қайтарып алды, осыған байланысты сот оның өтінішін қараусыз қалдырды», – деді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы.

Еске сала кетейік, биылғы 20 маусымда Қайрат Боранбаевтың ағасы бизнесмен Мұрат Боранбаев ұсталғаны белгілі болды. Оны Алматыдағы ақылы автотұрақтарға қатысты қылмыстық істің негізгі фигуранты әрі қылмысты ұйымдастырушы деп атайды. Мемлекеттік сатып алу сайтында Мұрат Боранбаевтың 2017 жылы «Alan Parking» ЖШС басшысы болғаны көрсетілген.

Бұған дейін ақылы автотұрақ операторы мемлекет меншігінде болған.

Кейін Алматы әкімдігі «Алматы спецтехпаркинг сервис» компаниясының 70 пайызы және «Alan Parking»-тің 100 пайызы қаланың меншігіне қайтарылғанын хабарлады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар