Қайрат Балабиев: «Президент Үндеуіне құлақ асып, еліміздегі тыныштық пен берекелі өмір орнату ісіне қолдау көрсетейік!»

Dalanews 08 қаң. 2022 05:35 1230

Қымбатты жерлестер! Қадірменді ағайын!

Соңғы күндері елімізде орын алған бүлікшілік пен лаңкестік іс-әрекеттер қарапайым халықтың қалыпты өмір тіршілігіне және әлеуметтік нысандар мен мекемелердің үздіксіз жұмыс жасауына айрықша нұқсан келтіріп отыр.

Осы орайда, елдегі қалыптасқан жағдай және қабылданып отырған шаралар туралы Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев күні кеше халыққа өзінің Үндеуін жариялады. Президент бұл іс-әрекеттердің әскери дайындығы мықты, арнайы жаттықтырудан өткен және белгілі бір басқару пункті арқылы басқарылатын ішкі және сыртқы қарулы лаңкестер тарапынан жасалып отырғандығын мәлімдеді.

Сол себептен де, Қазақстан Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына қатысушы мемлекеттерден конституциялық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында біріктірілген бітімгерлік күш енгізуді сұрады. Біріктірілген бітімгерлік күш Қазақстандағы жағдай тұрақтандырылғанға дейін қысқа мерзім аралығында жұмыс істейтінін айтты.

Сонымен қатар, Президент кейбір аймақтарда интернеттің ішінара іске қосылатынын, бірақ оның жалған деректер орналастырып, елдегі тұрақтылықты бұзуға бастайтын  ақпараттар тарату, арандату үшін пайдалануға қатаң тыйым салынатынын, ондай жағдайда арандатушылар анықталып, оларға жаза қолданылатынын жеткізді.

Қ.К.Тоқаев өңірлердегі төтенше жағдайдың кезең-кезеңімен алынатынын айтып, халыққа, оның ішінде студенттерге бүлікшілердің арандатуына еріп кетпей, тыныштықты сақтауға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесі, саналы азаматтық ұстанымдары үшін ерекше ризашылығын айтып, үлкен алғысын білдірді.

Осы орайда Мақтаарал ауданы, Кентау қаласы тұрғындарымен кездесу өткізу барысында елді ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырған қазыналы қарттарымыз бен өнегелі өрендерімізге, жалпы облысымыздың барлық аудандары мен қалаларының халқына бүлікшілдікке бой бермей, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысқаны үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Өңір басшысы Ө.Е.Шөкеев бастаған тиісті құрылымдар мен облыстық мәслихат депутаттары қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру, халықты толғандыратын проблемалық мәселелерді шешу жөнінен бірізді жұмыстар жүргізе беретін болады. Қадірлі ағайын, лаңкестікпен байланысты ел басына күн туған қайғылы сәтте Президентіміз халықпен бірге болып, әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандыру жөнінен күрделі реформалар мен қажетті шаралар кешенін қабылдайтындығын жеткізді.

Аз уақытта қабылданған шаралар өз нәтижесін берері сөзсіз. Әлі-ақ Отанымыз – Қазақстан қарыштап дамитын болады. Біз барша халық болып Мемлекет Басшысының Үндеуіне құлақ асып, қастерлі елімізде тыныштық пен берекелі өмір орнату ісінде қолдау көрсетуіміз аса маңызды. Сын сағатта халқымызға тән биік парасаттылық пен даналығымызды көрсете білейік, ағайын!

Қайрат Балабиев, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар