Алматыда бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов төрт жылға сотталды

Алматыда бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов төрт жылға сотталды
Ашық дереккөз

Алматыда бұрынғы РПЦ дін қызметкері Иаков Воронцов есірткіге ұқсас психотроптық затты аса ірі мөлшерде заңсыз сақтады деп танылып, амнистияны ескере отырып төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Істі Алматы қаласының Медеу аудандық соты қараған. Сот Воронцовты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бап есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу және сақтау әрекеттерін қамтиды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Воронцов тұрған үйде жүргізілген тінту кезінде 2,44 грамм 3-CMC меткатинонының аналогы табылған. Сот материалдарында бұл мөлшер аса ірі деп бағаланған.

Сот мәліметінше, айыптау тінту нәтижелері, сараптамалар, куәлардың жауаптары және істің басқа да материалдарымен дәлелденген. Сонымен қатар ақпан айында жүргізілген медициналық куәландыру Воронцовтың каннабиноидтарды қолданғанын көрсеткен.

Бұған дейін ол каннабиноидтарды қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Бұл бап бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот Воронцовқа алты жыл жаза тағайындаған. Кейін жаңа Конституция қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық қолданылып, жаза мерзімі үштен бірге қысқартылып, төрт жылға дейін төмендетілген.

Воронцов тағылған айыпты мойындамаған.

Ол ақпан айында ұсталған. Бастапқыда оған есірткі притонын ұйымдастырды деген айып та тағылған, алайда кейін прокуратура бұл айыпты алып тастаған.

Іс бойынша сот талқылауы 16 қыркүйекте басталған. Бірінші отырыста прокурор процесті журналистер мен жұртшылық үшін жабық өткізуді сұраған. Қорғау тарапы бұған қарсылық білдірген.

Осыдан кейін Воронцов аштық жариялаған. Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов бұған дейін қылмыстық қудалауды саяси сипаттағы іс деп бағалап, сот отырыстарын жабық өткізудің орындылығына қарсылық білдірген.

Сот үкімі бойынша Воронцов төрт жылға бас бостандығынан айырылды.