Қамауға алынған Қанат Ниязбековтің отбасы мәлімдеме жасады

Қамауға алынған Қанат Ниязбековтің отбасы мәлімдеме жасады
Қанат Ниязбеков. Фото: gurk.kz

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты қамауға алынған Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбековтің отбасы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Туыстары ең алдымен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.

"Қанат Серікқалиұлы Ниязбековтің отбасы атынан сарбаздардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз", – делінген мәлімдемеде.

Отбасы өкілдері Қанат Ниязбековтің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болғанын және аталған оқу-жаттығудың оның басшылығымен өткенін растады.

Алайда олардың айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Ниязбеков қалада болмаған. Ол ресми іссапарда болып, оның қызметтік міндеттері басқа жауапты тұлғаларға жүктелген.

"Асығыс қорытынды жасамау өте маңызды. Сол жаттығулар кезінде Ниязбеков, қолда бар ақпаратқа сәйкес, ресми іссапарда болған және жаттығулардан өз бастамасымен қалмаған. Бұл фактіні тергеу барысында объективті түрде тексеру қажет", – делінген отбасы мәлімдемесінде.

Туыстары бұл жағдайдың да тергеу барысында жан-жақты әрі объективті қаралуы қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ отбасы қоғамды сот шешімі шыққанға дейін Қанат Ниязбековке қатысты түпкілікті қорытынды жасамауға шақырды.

"Қазіргі уақытта біз сот шығарған үкімді емес, айыптауларды талқылап жатырмыз. Сондықтан, қоғам бұл адамды соттамас бұрын барлық мән-жайлар мен дәлелдемелер анықталғанша күткенін қалаймыз", – делінген мәлімдемеде.

Отбасы Қанат Ниязбековтің ісі әділ әрі объективті қаралып, қайғылы жағдайға нақты әрекеті немесе шешімі себеп болған тұлғалардың жауапкершілігі анықталуы тиіс деп санайды.

Еске салайық, 6 қазанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталды. Кейін сот оны қамауға алуға санкция берді.