“Қайырымдылық қорларын реттейтін заңнама қажет”. Көшербаев Перизат Қайрат ісіне байланысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 24 шіл. 2025 16:27

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында журналистер вице-премьерден атышулы “Biz Birgemiz” қорының төңірегіндегі жанжалдан кейін қайырымдылық ұйымдарына тексеру жүргізіле ме деп сұрады. Ермек Көшербаев бұл салада алаңдатарлық жайттар көп екенін жасырмады.

“Әрине, бұл мәселе бәрімізді алаңдатады. Шын мәнінде көмек көрсетіп жүрген жақсы қорлар бар. Бірақ өкінішке қарай, әлеуметтік желіде қайырымдылықты бетперде етіп, сенімге кіріп кеткендер де жоқ емес. Бұл тек қорларға ғана емес, жекелеген азаматтарға да қатысты. Кейбірі сурет жариялап, жұрт сол сәтте ақша аударып жатады. Алайда бұл қаражат қайда кететінін ешкім нақты білмейді”, – деді Қошербаев.

Оның айтуынша, қазіргі заңнама қайырымдылық қорларының ішкі жұмысына мемлекет тарапынан араласуды қарастырмайды. Сондықтан бұл салаға заңнамалық тұрғыдан өзгеріс енгізу қажет.

“Бұл бағыттағы қызмет толықтай дерлік реттелмеген. Қаражаттың нақты қайда кетіп жатқанын бақылау қиын. Қорлардың жұмысына мемлекет іс жүзінде араласпайды. Олар көбіне азаматтық немесе жеке бастамалар”, – деді ол.

Көшербаев Перизат Қайраттың ісі жалғыз оқиға емес екенін де атап өтті.

“Мұндай жағдайлар тек құқық қорғау органдары араласқаннан кейін ғана жария болады. Біз тек бетіне шыққан жағдайларды көріп отырмыз. Басқа да қорлар бар. Кейбіреулер бұл іспен күнкөріс көзі ретінде айналысса, енді бірі шынымен волонтерлермен бірге нақты көмек көрсетіп жүр”, – деді вице-премьер.

Ол алдағы уақытта заңнамаға нақты өзгерістер енгізу көзделіп отырғанын жеткізді.

“Біз бұл саланы жан-жақты зерттеп, қажетті өзгерістерді дайындаймыз. Содан кейін бұл өзгерістер қоғамдық талқылауға ұсынылып, Парламент қарауына жіберіледі. Бұл бағытты міндетті түрде реттеу қажет. Азаматтар өз ақшасының қайда кеткенін, кімге нақты көмек көрсетілгенін біліп отыруы керек. Біздің қоғамда жомарт азаматтар көп, әркім көмектескісі келеді. Ал мемлекеттің міндеті – шынымен пайдалы іске жұмыс істейтін қорларға қолдау көрсету”, – деді Ермек Көшербаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін прокуратура Перизат Кайратқа 10 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеп, 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналысуға тыйым салуды сұраған болатын. Анасы Ғайни Алашбаеваға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Айыпталушылар өз кінәларын мойындаған жоқ. Сот процесі жалғасып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар