«Қауқарсыз заң ешкімге қажет емес»: Тоқаев Құрылтайға бірқатар маңызды заңды жеделдетуді тапсырды

«Қауқарсыз заң ешкімге қажет емес»: Тоқаев Құрылтайға бірқатар маңызды заңды жеделдетуді тапсырды
Aqorda.Kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайға балаларды әлеуметтік желілерден қорғау, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау, энергетика, онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты бірқатар заң жобасын жедел қарауды тапсырды, деп хабарлайды Dala News.

Мемлекет басшысы қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасы енді Құрылтайдың қарауына ұсынылатынын айтты.

Президент ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдауға арналған заң жобасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл мәселе бұған дейін Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында да көтерілген.

«Бұдан бөлек, Құрылтай қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында айттым. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек. Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң жүзінде тыйым салу мәселесіне тоқталды.

Оның айтуынша, Үкімет бұл бастаманы ұсынып отыр және әлемнің көптеген елінде осындай шаралар қабылданып жатыр. Тоқаев бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

«Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес. Энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Құрылтайдың негізгі міндеттерінің бірі ел заңнамасын заман талабына сай жаңғырту екенін атап өтті.

«Түптеп келгенде, Құрылтай еліміздің заңнамаларын заман талабына сай жаңғыртуы керек. Ұлттық мүддені, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты жедел әрі сапалы атқарған жөн. Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз. Бұл – күрделі, асқан ұқыптылықты талап ететін өте қажетті жұмыс. Жаңа этиканы қалыптастыру ісі ел алдындағы азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына байланысты екені сөзсіз. Қоғамдық орындарда келеңсіз, жөнсіз әрекеттерге жол бермеу қажет. Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент реформалардың нәтижесін қоғам ең алдымен депутаттардың жұмысына қарап бағалайтынын айтты.

«Жалпы, жұртымыз елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап бағалайды. Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті. Ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, жаңа буынның, яғни жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастардың келуіне себепші болды. Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі. Ашығын айтсақ, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты да – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу. Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес», – деді Мемлекет басшысы.