Президент фармацевтикалық бақылауды күшейтуге бағытталған заңға қол қойды. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа түзетулер қауіпті дәрі-дәрмектерді сатылымнан жедел алып тастауға және олардың сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді., деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанда сапасыз және жалған дәрі-дәрмектерге қатысты бақылау күшейтіледі. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы фармацевтикалық бақылауды күшейтуге бағытталған, депутаттардың авторлық түзетулері енгізілген заңға қол қойған.
«Адам дәріханадан дәрі сатып алғанда, "бұл түпнұсқа ма, сапасы қандай, денсаулыққа қауіпті емес пе?" деп күмәнданбауы керек. Мемлекет оның қауіпсіздігін алдын ала тексергеніне сенімді болуы тиіс», – деді экс-депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, осыған дейін тексеру барысында қауіпті дәрі-дәрмек анықталса да, заң бұзушының қызметін тоқтату тек сот шешімі арқылы жүзеге асырылатын. Соның салдарынан қауіпті өнімдер апталап, тіпті айлап дәріхана сөрелерінде қалып келген.
«Егер жалған немесе сапасыз дәрі-дәрмек анықталса, ұзаққа созылатын сот процесінің аяқталуын күтпей-ақ, заң бұзушының қызметін тоқтатып, бірден тергеп-тексеруді бастауға болады. Бұған дейін қауіпті өнім бірнеше ай бойы сатылымда тұра беретін. Енді тиісті шара заң бұзушылық анықталған күні-ақ қабылдануға тиіс», – деді ол.
Ол Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйеніп, заңсыз сатылған дәрі-дәрмек көлемі айтарлықтай артқанын айтты.
«2022 жылы заңсыз сатылған өнімнің 151 атауы анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 21 мыңнан астам бірлікке жеткен», – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ ол дәрілік заттарды таңбалау жүйесі тегін берілетін дәрілерге қатысты заңсыз схемаларды анықтауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Мемлекет пациенттер үшін сатып алған тегін дәрілердің бір қаптамасы екі рет есептен шығарылған жағдайлар болған. Бұл дәрінің өндірушіден нақты пациентке дейінгі бүкіл жолын бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті», – деді Аймағамбетов.
Заңдағы тағы бір маңызды жаңалық – енді дәрі сапасын тексеруге арналған үлгілерді мемлекеттік органдар өздері іріктейді.
«Бұған дейін фармацевтикалық бақылау органы сатылымдағы дәріні өз бетінше алып, зертханаға жібере алмайтын. Ол өндірушіге жүгінуге мәжбүр еді. Ал өндіруші тексерушілерге қай партияны беретінін іс жүзінде өзі шешетін. Бұл студентке емтиханда жауабын жақсы білетін билетті өзіне таңдатумен бірдей», – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұл олқылықты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Жоғары аудиторлық палата да бұған дейін атап өткен.
«Түзетулердің мәні қарапайым: егер дәрі адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін болса, мемлекет сот шешімін бірнеше ай күтпей, оны сөреден дереу алып тастауы керек. Өйткені денсаулық мәселесінде әрбір кешіккен күннің өзі – қауіп. Адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұруға тиіс», – деп түйіндеді Аймағамбетов.