Қауіпсіздік және инвестиция: «Қазақмыс» кеніштерін дамытудың жаңа стратегиясы

Ақтоты Жапатова 11 ақп. 2026 17:00

«Қазақмыс» корпорациясында Q.I. Satbaev atyndagy Jezqazgan tau-ken ondirisi Оңтүстік Жезқазған, Шығыс Жезқазған кеніштерінің және «Батыс» кенішінің еңбек ұжымымен жұмыс кездесуі өтті. Көшпелі кеңесті басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесуде еңбек қауіпсіздігі, инвестиция және өндірістік әлеуетті арттыру мәселелері талқыланды. Ұжымға компанияның және компанияға қатысы бар аймақтардың болашақтағы даму стратегиясы таныстырылды.

Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі өндірістік тәуекелдер мен оларды азайту шаралары қарастырылды. Қауіпсіздікті басқару үшін жүйелі және ұжымдық әрекет, сондай-ақ әрбір жұмысшының жеке жауапкершілігі талап етіледі. Бұл қағидалар 2026 жылы компанияда жүзеге асырылып жатқан жаңартылған Өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау стратегиясында бекітілген.

Жезқазған өңірінің кеніштері жылды оң динамикамен бастағаны атап өтілді. Бұған өткен жылдың соңында жабдықтарға жүргізілген ауқымды жөндеу жұмысы ықпал етті.

Геологиялық барлау саласына басымдық берілді. 2026 жылға арналған инвестиция мақұлданды. Атап айтқанда, шамамен 78 мың қума метр көлемінде жер үсті бұрғылау жұмысын жүргізу жоспарланған. Бұл 90 жылдан астам уақыт бойы игеріліп келе жатқан Жезқазған кен орнындағы сарқылған өндірістік қуатты толықтыруға және жаңа қорларды ашуға мүмкіндік береді.

2026-2027 жылдары Оңтүстік Жезқазған, Шығыс Жезқазған және Батыс кеніштерінде жер үсті инженерлік коммуникацияларын ауыстыру қарастырылды. Бұл шамамен 7 млн тонна кенді игеруге мүмкіндік беріп, геомеханикалық жағдайды тұрақтандыруға жағдай жасайды.

Сонымен қатар өндірістік қуатты қолдау мен дамытуға арналған инвестициялық пакет мақұлданды. Қаражат тау-кен шахталық техника паркін жаңартуға бағытталады. 40 өздігінен жүретін техника сатып алу жоспарланып отыр, сондай-ақ қолданыстағы машиналар мен стационарлық жабдықтарды жөндеу және жаңғырту көзделген. Жомарт, Жыланды және Нұрқазған кеніштерінде күрделі тау-кен жұмысын жүргізу жоспарлануда.

Кездесу соңында жұмыскерлер жер астындағы радиобайланысты жаңарту, өздігінен жүретін және рельстік көліктерді жаңғырту, сондай-ақ бұрғылау жабдығын жөндеу мәселелерін көтерді. Ұсыныстардың бір бөлігі инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылатын болды, ал жекелеген мәселе бойынша шешім техникалық аудит қорытындысы бойынша қабылданады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove