Қауіпсіздігі жоқ құлшылық: Әйелдердің мешіттегі орны бар ма?

Көркем Алдабергенова 01 там. 2025 12:02

Зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы көтерген мәселе қоғамдағы құрылымдық теңсіздік пен үнсіздіктің ауқымын ашып көрсетеді. Ол 2023 жылы жүргізілген “Faith & Gender in Central Asia” зерттеуінің нәтижелеріне сүйене отырып, мешіттегі харассмент пен құлшылық кеңістіктеріндегі гендерлік шектеулер туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Зерттеуге қатысқан әйелдердің 61 пайызы мешіт сияқты қоғамдық орындарда өздерін қауіпсіз сезінбейтінін айтқан. Әйгерім Құсайынқызы бұл кеңістіктерде әйел еркіндігі емес, оның ер адамның жайлылығына кедергі келтірмеуі маңыздырақ саналатынын алға тартады.

Оның пікірінше, қауіп тек мешіттің ішінде ғана емес, интернетте жалғасып жатыр. Жәбір көрген әйел туралы әлеуметтік желіде айтылған пікірлердің көбі оны кінәлауға бағытталады. Бұл – виктимблеймингтің айқын көрінісі.

Зерттеуші мешітті Құдайдың үйі деп бағалағанымен, ол кеңістіктегі үнсіздік жәбірленушінің емес, тәртіптің мүддесіне қызмет етіп отырғанын жазады. Мұндай оқиғалар ашық айтылмайды, себебі имамдар мен дін өкілдері мәселені тыныштықпен жабуға тырысады. Әйел қауіпсіздігінен қоғам тыныштығы маңыздырақ саналатын мұндай жағдайды зерттеуші институционал зорлық деп бағалайды.

Ол мешіттегі харассментті оқшау оқиға емес, билік пен гендерлік теңсіздік арасындағы жүйелі қатынастың айғағы деп санайды. Әйелдің мешітке баруға құқығы болғанымен, оның қауіпсіздігіне еш кепілдік жоқ екенін атап өтеді.

Әйгерім Құсайынқызы бұл ойларын нақты мысалмен бекітіп, биыл шілде айында Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп мешітіне барған кездегі жағдайды сипаттайды. Оның айтуынша, мешітке кіре бергенде күзетші оларды тоқтатып, ер адамдар намаз оқып жатқанын, сондықтан үлкен залға кіруге болмайтынын айтқан. Әйгерім Құсайынқызы мешітке сәулет өнерін көруге келгенін айтқанда, күзетші: «Имам камерадан қарап отыр. Ерлер залына әйел кірсе, мен өзім ұрыс естимін», – деп жауап берген.

Бұл жағдай зерттеушінің діни кеңістікте адамнан емес, Құдайдан рұқсат сұрауы тиіс болғанын түсінуіне себеп болған. «Мен мешітке сәулет өнерін тамашалауға келіп, жүйенің шекарасымен бетпе-бет келдім», – деп жазады ол.

Сонымен қатар, ол ақтөбелік туысының мешітке намаз оқуға барған кезде харассмент пен сталкингке, кейіннен кибербуллиң пен виктимблеймингке ұшырағанын айтады. Әйелдердің шекарасы жиі бұзылып, дауысы естілмей қалады. Бұл – тек дін саласына тән мәселе емес, бұл – құқық, қауіпсіздік және теңдік мәселесі.

Ол мешіттің қасиетті кеңістік болуы үшін әйелдің де тең құқығы мен еркіндігіне кепілдік берілуі керек екенін алға тартады. Әйелдер бұл кеңістікте өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Егер сенім қорған емес, қауіп көзіне айналса, мешіт кімге ашық, кімге жабық деген сұрақ орынды.

Зерттеуші Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан (ҚМДБ) осы мәселеге қатысты ресми жауап күтіп отырғанын айтады.

«Кейде үнсіздік келісім ретінде қабылдануы мүмкін. Әсіресе, еркектің қалауы әйел құқығынан биік саналатын біздің қоғамда», – деп түйіндейді Әйгерім Құсайынқызы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар