Былтыр ШҚО-да балалардың терезеден құлауының 8 жағдайы тіркелді. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін ШҚО ТЖД және Өскемен қаласы ТЖБ құтқарушылары арнайы акция өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көпбалалы отбасылар тұратын пәтерлердің терезелеріне арнайы қорғаныс құрылғылары – шектеуші тростар орнатылды. Оларды сатып алуға «Za Oknami_Oskemen» фирмасы көмектескен.
– Қайғылы оқиғалардың басты себебі – балаларды қараусыз қалдыру, терезелерде қорғаныс құрылғыларының болмауы, – дейді ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Арман Наурызбаев.
ШҚО ТЖД психологы Светлана Андрусенконың айтуынша, көптеген ата-аналардың өздері балаларды терезеден қарауға, көшені, құстарды көрсету үшін терезе жақтауына шығуға, әкесіне қол бұлғауға үйретеді, бұл дұрыс емес.
ТЖД ескертеді:
- Үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз.
- Жиһазды терезелердің жанына қоймаңыз.
- Терезелерде арнайы қорғаныс құрылғылары болуы керек.
- Терезені бала аша алмайтындай етіп мықтап жауып жүріңіз.
- Баланы терезе жақтауына шығуға, терезеден сыртқа қарауға үйретпеңіз.
- Балаларға ересектерсіз балконға шығуға рұқсат бермеңіз.
- Есіңізде болсын, москит торы баланы құлаудан құтқармайды.
- Төтенше жағдай туындаса, құтқару қызметіне 112, 101 телефондары бойынша қоңырау шалыңыз.