"Ол кезде мен ҚР Ұлттық Банкте жұмыс істейтінмін. Валюталық интервенцияларға жауапты болдым. Қалай болғанын сол қалпында баяндап берейін. Ешқандай цензурасыз". 2015-2016 жылдарғы девальвация қалай жасалғанын желіде ағынан жарылып, ашық баяндаған Ұлттық банк өкілінің жазбасы осылай басталады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ең бірінші себептен бастайын. Егер жазбам, ортасынан үзіліп, үш күн бойы парақшамда түк болмаса, демек мен ҰҚК-да отырғаным. Бірінші себеп. Мұнай бағасы 110 доллардан 45-ке, одан соң 30 долларға түсті. Әрине, мұндайда Қазақстан есірткіге тәуелді адам секілді дозасыз қалды. Біз мұнай ақшасынан 65% табыс табатынбыз, ал ақша бағамы қолдан бекітілетін. Екінші себеп. Ресейде Қырым, санкция және мұнай бағасының құлдырауынан кейін рубль 30-дан 70-ке бір-ақ көтерілді. Ал бізде ше? Біз болсақ, баяғы әдетімізге басып, теңгені қолдан ұстап тұрдық. Еш саспайтынымызды көрсетіп. Салдарынан ресейлік арзан тауар елімізге лап қойды. Халық РФ-дан бәрін таси бастады. Ол кезде рубль бағамы - 2,6 теңге. Отандық бизнестің басына күн туды. Арзан мұнай, арзан импорт, жұмыс басында өліп қалатын шығармын деп ойладым", деп жазады Threads желісіндегі аноним.
2015 жылдың тамызына дейін Ұлттық Банк 1 АҚШ долларының құнын басында 150 теңгеден ұстады, одан кейін 185, сәлден соң 188 теңге етті. Бұл экспорттаушыларға ұнамады. Олар 230,250 теңге деген нақты бағамды қалады. 300 теңге болса, тіпті жақсы.
Ұлттық Банк шамасы келгенше қарсыласты. Тұрақтылық туралы айтып, қайта-қайта ел алдына шығып отырды. Одан кейін ақыры болар іс болды...
2015 жыл тамыз: теңге ауытқымалы бағамға қалай көшті, солай "құлады": бір тәулік ішінде 30 %.
"Ұлттық Банк едел-жедел жиын өткізіп: "фискальды айырманы жабамыз, банктерге көмектеміз", деп мәлімдейді. Ал, шынтуайтында кім кімді құтқарғаны белгілі ғой. Бірден жүйе құраушы еліміздегі 5 ірі банктің топ-менеджерлері шақырылады, оның ішінде Қазком, Халық та бар. Залда Ұлттық Банк басшысы, Ақордадан екі-үш адам, құзіреті жоқ, бірақ ықпалды адамдар (кімдер екенін өздеріңіз ауып көріңіздер) отырды. "Кімге көмектесеміз" деп өздерінше бастарын қатыруда. Девальвацияға шамамен 2 апта қалған кез. Жиын өтіп жатыр. Барлық "жұлдыз" орнында. Бір сағаттан кейін басшылық ол араға мені шақырады. Аналитикалық есеп беруім үшін. Шықтым да барлығын айтып, көрсетіп шықтым. Ол арадан менің айтқандарымды құлағына қыстырған біреу де болмағанын айқын біліп шықтым. Негізінен, келісімшарттар қызу талқыланды,кім қанша пайда табады, ал қайсы қанша жоғалтады деген тұрғыда. Ал халық туралы бір сөз жоқ. Қарашаға келгенде оларды тек бір-ақ нәрсе алаңдатады: дүрбелең болмаса болды. Аталған жиыннан кейін қауіпсіздікті арттыру туралы бұйрық берілгенін білдім (кімді кімнен қорғау керек екенін ұққанын шығарсыздар). Жас команданың 2 томнан тұратын аналитикасын осылайша керексіз етіп тастады. Өйткені келісімшарт бойынша қажетті 350 теңге онда қамтылмаған! Біз ауытқымалы ақша бағамының дәлізі 230-240 теңге деп көрсеткенбіз. Айтқандай, ол арада ресейлік олигархтар да отырды", деп жазады ол.
Оның үстіне халықты алдаусыратып ұстау үшін бюджеттегілердің жалақысын, зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді аздап болсын, көтеру керек болды. Бағдарламалар тағы бар. Девальвация жасамас үшін қандай құралдарды қолдануға болатынын ойлап көріңіздерші? Жоқ, оны қайтеміз, бар шығынды полицияға, қауіпсіздікті арттыруға жұмсайық, 370 теңгені біртіндеп емес, бірден жасайық десті.
Ал Ресей ше, олар бізге қарап, үнсіз отырды дейсіз бе? РФ да мұнай бағасы арзандап, санкция қыспағы үдеген соң рубльді "құлатты". Олар ұлттық қордағы ақшаны біз секілді "жақпады". Ал біз жасанды түрде ұлттық валютаны қолдап, аямай «жақтық». Рубль арзандап, қазақтар қуанып жүр, экономика болса, шетінен бүлінуде.
"Мемлекеттік банктер арасында бірнеше жабық кездесу болды. Оларды миы жетпейді, не болып, не қойып жатқанынан. Біздің жасанды әрекетеміз оларға да теріс әсер етті. Әр кез үстелді тоқпақтап, теңгені еркін дәлізге жіберу талап етілді. Сөйтіп екі қыспақтың ортасында қалдық: бір жағынан РФ, бір жағынан өз әлегіміз. Бастарын өтірік қатырып, өз есебімізді түгендеп жүргенімізді түсінген РФ ақыры өз позициясын ашық танытты: не теңге бағамын еркіне жібересіздер, не біз шекараны жабамыз. Расында, ол кезде шекара маңы өңірлер тауарларынан айырылып жатты. Ол кезде бізге девальвацияны жұмсақ жасау туралы үкім берілген, алайда көршінің ультиматумынан кейін бізде таңдау қалмады. Егер Ресей секілді бірден девальвация жасағанда, шамамен 28 млрд доллар үнемдер едік. Одан байып кеткен ешкім жоқ, ал халыққа бәрібір. Ертерек, ойбайға басатындығымыз болмаса", - дейді аноним.
2015 жыл 20 тамыз. 1 АҚШ доллары 187 теңгеден 255 теңге, іле-шала 377 теңге болды.
"2015 жыл 19 тамыз. Досаев: "Біз кез келген сценарийге дайынбыз, бірақ девальвация жасауға негіз жоқ" деп мәлімдеді ел алдына шығып. Алайда ол ертең қаралы бейсенбі екенін ол жақсы біліп тұрды. Әсіресе, алдын ала Ланкастер білді. Тағы кімдер білді дейсіздер ме? Қаржылық-өндірістік топтар, Ақордаға жақындар. Олар долларды шілде айында сатып алып қойды, содан кейін баға шыңына жеткенде сатты. Квазимемлекетік компаниялар, Самұрық-Қазына, БЖЗҚ, ҚМГ және басқалары. Олар өздерін, тіпті жабайы ұстады. Шенеуніктер. Олар бәрін білуге тырысып, барлық жерге басын сұғумен болды. Бастысы – барлығы шетінен қолдарынан түк келмейтін мисыздар, бірақ қолдарында қырғын ақша бар", деп жазады ол.
Қазақстан 1,5 жылда Ұлттық қордағы 28 млрд доллары "жағып тастаған". Жәй ғана...
"Күнде кешкісін менің кабинетімде есеп-қисап жүргізіледі. Ақша бағамын жасанды жолмен ұстап тұру үшін 100-ден 500 млн долларға дейінгі көлемді резервтік қордан нарыққа шығару үшін. Әр кез болып жатқан оқиғалар үшін өзімді кінәлі секілді сезінетінмін. Айқай-ұрыс. Басшым төбеме келіп төнгенде, оның түріне қарап тұрып: "қазір инфаркты ұстап қалса қайтемін" деп ойлайтынмын. Енді кінәлі кім дегенге келейік. 10 жылдан кейін мұны айту оңай, әрине. Ол кезде барлығының басы даң, не болып, не қойып жатқанын дұрыстап ұғынып-түсінбеді де ғой. Ал жұмыстан шығып кетуге тағы болмайды. №1 кінәлі. Нан. Ол адамдардың наразылығынан қатты қорықты, таңдауға келгенде қатты кібіртіктеді. Оның адамдары арқылы қатты қысым жасалды. Ақша түк емес, бастысы – абырой. Осылай деді. Жоғарыға күнде есеп беру үшін жүгіремін. Сонда айтатыным, бүгін қанша ақша "жаққанымыз" туралы. Содан келесі тарап менен: "Бұл қалай, көп пе" деп сұрайды. Бірден жауап бермеймін. "Масқара, бұл Грузия мен Қырғызстанды қоса алғандағы жылдық бюджеттері ғой" деп іштей жауап беріп, іштей өрт боламын...", - дейді аноним.
Ал осының бәрінен хабардар жазба авторы байыған болар деп ойласаңыздар, қателесесіздер.
"Өкінішке қарай, ол кезде менде ақша болған жоқ, керісінше 28 млн теңге қарызымыз бар еді. Анам қолына тиген жалақысы 80 мың теңгені айырбастауға тырысып көрді, бірақ ақша айырбас орындары бос еді, доллар болмады. Иә, бұрын өзімен бірге жұмыс істеген жігіттерді құлақтандыруға тырыстым. Өйткені олар ол кезде еліміз үшін маңызды әрі құны 108 млн доллар болатын жобамен айналысып жатқан. Әрине, доллардай несие алған. Теңгеге қайта қаржыландырып көріңіздер дедім. Сөйтсем, БЦК ортаңғы саусағын көрсетіпті оларға, енді ше... Морал: девальвация аяқ-асты болмайды. Ол "керек адамдар" долларды көптеп сатып алып қойғанда болады.
Түптеп келгенде, шикізат табысына тәуелді елде экспорттаушылардың мүддесі алдыңғы орынға шығады екен.
"Енді мұның барлығының астарында не жатқанын айтайын: Бұл арадағы басты ойыншы – экспорттаушы. Ол мұнай, газ, метал, астық және басқасын сатып, доллардай табыс табады. Ал жалақылар, салықтар, жалдау құны, коммунальдық қызметер тарифтері, барлығы теңгелей жүреді. Бұдан шығатын қарапайым логика мынандай: теңге қаншалықты осал болса, сонша әрбір доллар үшін артық ақша алынады", деген ол сол кезеңді былайша сипаттайды: "Ол кезде біреу қайта сайланып алды, тағы біреуі бар соққыны өзі қабылдады, ал тағы біреулері едел-жедел активтерін сыртқа шығарып жатты, тағы бірі екі алақанын ысқылап, нағыз ұрымтал сәтті күтіп тұрды, ал тағы бірі шынымен де елі үшін қатты уайымдап, көзіне жас алды...".