Алматыда көліктерді айыптұраққа жеткізу қызметін ақылы ету мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы қалалық мобильділік басқармасына қарасты “Алматы паркинг” коммуналдық кәсіпорны Informburo редакция сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Қазіргі уақытта көлік құралдарын эвакуациялау қызметін ақылы ету мәселесі уәкілетті органмен бірлесіп қарастырылуда. Тиісті шешімдер қабылданған соң, бұл туралы халыққа ресми түрде хабарланады”, – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда көліктерді эвакуациялау мен олардың айыптұрақта тұруы тегін. Алайда “Жол жүрісі туралы” заңда бұл жағдайды өзгертуі мүмкін норма бар. Аталған өзгеріс елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамытуға қатысты жаңа заңда көрсетілген. Соған сәйкес, мәслихаттарға жол қозғалысын ұйымдастыру және реттеу ережелерін – көліктерді арнайы тұраққа эвакуациялау шарттарын, қызмет құнын және көлікті қайтару тәртібін бекіту құқығы берілген.
Ал көліктердің айыптұрақта тұруы ақылы бола ма – бұл сұраққа компания нақты жауап берген жоқ.