Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында салынып жатқан «Ана мен бала» орталығындағы жұмыстармен танысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен салынып жатқан перзентхана – 80 төсек-орындық. «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізіп жатыр.
Орталық 3,3 гектар аумақта орналасады. Ғимарат екі қабатты, жалпы ауданы – 17 288 шаршы метр. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары толық аяқталған. Іргетасын құю және қайта топырақпен көму жұмыстары атқарылған. Нысан 2026 жылы тапсырылады деп жоспарланған.
Облыс әкімі мердігер мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты сапалы атқару, құрылыс талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Құрылысқа қатысты ұсыныс-пікірлерді тыңдап, медициналық мекемені мамандармен қамту, жұмысын үйлестіру мәселесі де назардан түспеуі тиіс екенін ескертті.