Freedom Inside '26

Тоқаев: Қазақстан инвесторлар үшін ең сенімді серіктестердің бірі болып қала береді

Тоқаев: Қазақстан инвесторлар үшін ең сенімді серіктестердің бірі болып қала береді
aqorda.Kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысын өткізіп, Қазақстанның инвестициялық саясаттағы басымдықтарын жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, бүгінде әлемдік экономика бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болып отыр. Осындай жағдайда Қазақстан тұрақты даму бағытын сақтап, халықаралық инвесторлар үшін сенімді әріптес болып қала береді.

«Біздің басты міндетіміз – экономика мен саясаттағы жаңа жағдайларға дер кезінде бейімделу. Экономикалық жетістіктеріміздің негізі – саяси тұрақтылық. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция инвесторлардың құқықтарын қорғаудың ең жоғары деңгейін қамтамасыз етеді», – деді Мемлекет басшысы.  

Тоқаев соңғы жылдары елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Инвестициялық штабтың жұмысы күшейтіліп, инвесторлардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік беретін жаңа тетіктер енгізілген.

Президент Қазақстан шикізаттық модельден біртіндеп алыстап, жаңа экономикалық өсім көздерін қалыптастырып жатқанын айтты.

«Біздің мақсатымыз – шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібін, цифрлық технологияларды, көлік-логистика саласын, энергетиканы және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту. Біз инвесторлармен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестік орнатуға мүдделіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық саясатында заң үстемдігіне, ашықтыққа және бизнесті қорғауға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

«Біз барлық инвесторлар үшін ашық, тұрақты әрі болжамды іскерлік орта қалыптастыруға ниеттіміз. Қазақстан сенімді серіктес ретінде өз міндеттемелерін толық орындайды», – деді Президент.  

Пленарлық отырыс барысында өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика, цифрландыру, жасанды интеллект және экономиканы әртараптандыру бағыттарындағы бірлескен жобалар талқыланды. Кеңес жұмысына халықаралық қаржы ұйымдарының, ірі трансұлттық компаниялардың және шетелдік инвесторлардың жетекшілері қатысты.