Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылдың I жартыжылдығы бойынша қорытындыларды ұсынады. Атап айтқанда, БАҚ-ты тіркеу мен жаңарту, құқыққа қарсы контентпен күрес, халықаралық ынтымақтастық, бірлескен жобалар және тарату аясын кеңіту мәселелері қарастырылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
БАҚ-ты тіркеу
Республикада барлығы 4 871 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 002 мерзімді басылым (газет, журнал), 236 телеарна, 98 радио, 1 231 ақпарат агенттігі мен онлайн-басылым бар. 2025 жылдың I жартыжылдығында БАҚ реестрі жаңартылып, ел аумағында 140 БАҚ қызметін тоқтатып (59 газет, 62 журнал, 19 интернет-басылым), тіркеуден шығарылды.
«Құқыққа қайшы контент» таратуға қарсы шаралар
Жыл басынан бері интернет желісінен 74 130 заңға қайшы материал анықталып, олардың 36 667-і жойылған. Онлайн платформалардан 49 896 материал табылып, оның 12 433-і жойылды.
Ортақ жобалар
«Евразия» арнасы ресейлік «Первый канал» арнасымен бірлесіп, Қазақстанда «Аллигатор» атты 8 сериялы көркем сериал түсірді. Бүгінде «Qazaqstan» арнасы түркиялық «Kanal D» арнасымен бірге «Қайта оралған Үміт» атты 100 сериялы телехикаяны жарыққа шығармақ. «24KZ» арнасы Қытайдың CCTV‑4 арнасымен «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында Қазақстан жайлы «Ортақ үй» («Общий дом») атты деректі фильмнің премьерасын өткізді. «Хабар» арнасында «Ұлы дала мен Аспан асты елі: көршілер, серіктестер, достар» атты деректі фильм көрсетілді.
Халықаралық ынтымақтастық
Euronews-пен серіктестік аясында «Modern Nomads» телевизиялық бағдарламасының 12, «East West Connect» 6, «Voices from Central Asia» 6 шығарылымы, «Focus» 3 репортажы әзірленді. Сонымен бірге, 2025 жылдың наурыз-маусым айларында Euronews Academy білім беру жобасы бойынша Қазақстанда журналистика және медиаменеджмент бағыттарында 4 кәсіби курс ұйымдастырылды.
Тарату аясын кеңіту
«Сұр табақшалар» науқаны аясында шетелдік спутник құрылғыларына балама ретінде отандық спутник аппараттарын сатып алуға ынталандыру мақсатында субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында 300-ден астам құрылғы сатып алу құны субсидияланды. Жақын арада шекаралас аймақтарда тұрғындар 3 000-нан астам аппарат пайдаланады деп жоспарлануда.