Алматыда қойма өртке оранды: ТЖМ өртті оқшаулады

Ақтоты Жапатова 21 шіл. 2025 14:56

Бүгін таңғы уақытта Алматы қаласы, Жетісу ауданы, Тобаяқов көшесінде орналасқан қоймалардың бірінен өрт шықты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 09:52-де қоймадан шыққан өрт туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жоғары дәрежелі дабылмен жөнелтілді.

ТЖМ қызметкерлері келген сәтте қойма толығымен отқа оранғаны анықталған. Өртті сөндіру жұмыстары бірден ұйымдастырылып, жедел штаб құрылды. Қаланың барлық жедел әрекет ету қызметтері жұмылдырылды. Өрттің оттегімен қарқынды жануы және жылу сәулесінің жоғары болуы жағдайды қиындатқан.

"Қалалық ТЖД бастығының басшылығымен үш жедел өрт сөндіру учаскесі құрылып, бірнеше су оқпандары іске қосылды. Су үздіксіз беріліп, оттың таралуына жол берілмеу үшін барлық шаралар қолданылды", - делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шамамен 500 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндіру бөлімшелерінің жедел әрекетінің арқасында кәсіпкерлердің көршілес қоймаларындағы тауарлық-материалдық құндылықтар толық сақталып қалды.

Өрттің нақты шығу себебі анықталуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар