Қазақстанда науқастарға отандық DVC препаратының клиникалық сынақтары жүргізіле бастады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, дәрі Nazarbayev University базасындағы Ұлттық зертханада әзірленіп жатыр. Ал жобаның кешеуілдеуі заң талаптары қатаң сақталуына байланысты.
Министрдің сөзінше, былтыр препарат адамға алғашқы сынақ кезеңдерінен өткен. Қазір зерттеулер Астанадағы онкологиялық орталықта жалғасып жатыр. Сондай-ақ, өңірлік орталықтар, оның ішінде Қарағанды да қатысып отыр.
Дәріні тіркеу үшін ұлттық талаптармен қатар халықаралық стандарттарды да орындау қажет. Осыған байланысты қосымша клиникалық сынақтар жүргізіліп жатыр.
Жоспар бойынша сынақтар биыл аяқталады. Одан кейін препарат алдымен Қазақстанда тіркеліп, медициналық тәжірибеде қолдануға ұсынылады. Келесі кезеңде халықаралық тіркеу рәсімі басталады.