Freedom Inside '26

Қатар қазақстандық білікті мамандарды өзіне тартып жатыр — сарапшы

Қатар қазақстандық білікті мамандарды өзіне тартып жатыр — сарапшы
Фото: ЖИ

Қатар бүгінде қазақстандық кәсіби мамандар үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналып отыр. Әсіресе мұнай-газ саласының өкілдері бұл елге жиі қоныс аударуда, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазіргі таңда Катарда Қазақстаннан барған шамамен 600–700 маман еңбек етеді. Алайда олардың көпшілігі үшін Доха түпкі мақсат емес. Керісінше, халықаралық мансапқа жол ашатын маңызды баспалдақ ретінде қарастырылады.

Мұндай қорытындыға Qazaq Expert Club ұйымының адами ресурстарды басқару саласындағы сарапшысы Арман Шоқпаров “Qazaq Expats in Qatar” зерттеуінің нәтижесінде келген. Зерттеу барысында Қатардағы қазақстандықтардың еңбек жағдайы, мансаптық мүмкіндіктері мен табыс деңгейі сараланған.

Сауалнамаға Қатарда жұмыс істейтін 54 қазақстандық қатысып, қосымша алты адаммен тереңдетілген сұхбат жүргізілген. Қатысушылардың 63 пайызы – ер азаматтар. Негізгі бөлігі 31 бен 40 жас аралығында. Респонденттердің жартысынан астамының еңбек өтілі 11 жылдан асады. Әрбір екінші қатысушы мұнай-газ саласында, негізінен инженерлік және өндірістік қызметтерде жұмыс істейді.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, мамандардың едәуір бөлігі жұмысты өз бетінше тапқан. Ал кейбірі халықаралық рекрутинг агенттіктері немесе катарлық компаниялардың тікелей шақыруы арқылы қызметке орналасқан.

Сарапшының айтуынша, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі жобаларда тәжірибе жинаған қазақстандық мамандарға Катар компаниялары ерекше қызығушылық танытады.

Көшуге түрткі болатын негізгі себептердің қатарында жоғары жалақы мен халықаралық тәжірибе жинау мүмкіндігі бар. Респонденттердің 59 пайызы басты ынталандырушы фактор ретінде жоғары еңбекақыны атаса, 56 пайызы шетелде жұмыс істеп көруді қалағанын айтқан. Сондай-ақ кәсіби даму, ауқымды халықаралық жобаларға қатысу және Қазақстандағы мансаптық мүмкіндіктердің шектеулілігі де маңызды себептердің қатарында.

Сауалнамаға қатысқандардың 94 пайызы Катарға көшкеннен кейін табысының артқанын мәлімдеген. Оның ішінде 74 пайызында жалақы кем дегенде екі есе өскен. Ал респонденттердің 85 пайызы мұндай табыс деңгейіне Қазақстанда қол жеткізу қиын деп есептейді.

Дегенмен жоғары жалақы әрдайым мансаптық өсімге кепіл бола бермейді. Қатысушылардың тек 43 пайызы ғана қызметтік жоғарылау болғанын айтқан. Қалғандарының кәсіби мәртебесі өзгермеген немесе бұрынғы деңгейінде қалған.

Арман Шоқпаровтың пікірінше, Катардағы жұмыс берушілер қызметкерлердің жаңа дағдыларын дамытуға қаржы салғаннан гөрі, олардың бұрыннан қалыптасқан тәжірибесі мен құзыретін жоғары бағалайды.

Зерттеу барысында қазақстандық мамандардың болашақ жоспарлары да назарға алынған. Сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің тек 28 пайызы келісімшарты аяқталған соң Қазақстанға оралуды жоспарлайды. Ал 35 пайызы Катарда қалғысы келсе, 37 пайызы үшінші елге көшуді қарастырып жүр.

Қатысушылардың 56 пайызы Катарға отбасымен бірге барған. Тағы 30 пайызы бойдақ әрі жаңа елдерге қоныс аударуға бейім келеді. Ал отбасын Қазақстанда қалдырып, жалғыз жұмыс істеп жүргендердің үлесі 14 пайызды құрайды. Сарапшының айтуынша, дәл осы топ елге қайтуға көбірек ниетті және Катардағы өмірге сыни көзқараспен қарайды.

Соған қарамастан, қатысушылардың басым бөлігі Катардағы өмір мен еңбек жағдайын оң бағалаған. Респонденттердің 80 пайызы бұл елді әріптестеріне жұмыс істеуге ұсынуға дайын екенін жеткізген.

“Ең қызығы, Доханы халықаралық мансапқа шығатын алаң ретінде көретіндердің қатарында табысы ең көп өскен мамандар бар. Олардың басым бөлігі – мұнай-газ саласындағы тәжірибелі кадрлар”, – дейді Арман Шоқпаров.

Сарапшының пікірінше, бұл үрдіс Қазақстанның еңбек нарығы үшін маңызды сын-қатерге айналып келеді. Өйткені ел тәжірибелі әрі білікті мамандарынан айырылып, оларды кейін қайтара алмай отыр.

“Қазір қазақстандық компаниялар бір-бірімен ғана емес, әлемдік еңбек нарығындағы жұмыс берушілермен де бәсекелесуге мәжбүр. Егер Қазақстан тәжірибелі кадрларды сақтап қалғысы келсе, компаниялар қызметкерлерге кәсіби даму мүмкіндігін ұсынып, корпоративтік мәдениетті жетілдіріп, бәсекеге қабілетті еңбек жағдайын қалыптастыруы қажет. Әйтпесе ең білікті мамандар шетелде мансап құруды жалғастыра береді”, – деді сарапшы.