Қазақстанның ақылы автожолдарында жыл басынан бері жылдамдық режимін бұзуға қатысты жүздеген мың дерек анықталды. «ҚазАвтоЖол» жүргізушілердің жылдамдығын бақылау қалай жүргізілетінін және қанша заңбұзушылық тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Компания мәліметінше, қазір еліміздегі 11 жол учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жұмыс істейді. Жүйе көліктің белгілі бір жол аралығын қанша уақытта жүріп өткенін есептеп, соның негізінде орташа қозғалыс жылдамдығын анықтайды.
2026 жылғы 1 қаңтар мен 14 қыркүйек аралығында осы жүйе арқылы 518 мыңнан астам жылдамдық бұзу дерегі тіркелген. Бұл тиісті органдарға жолданған жылдамдықты асыру фактілерінің шамамен 78 пайызын құрайды.
Бұдан бөлек, еліміздегі 23 ақылы жол учаскесінде белгіленген шектеу аймағындағы жылдамдықты тікелей тіркеу жүйесі қолданылады. Жыл басынан бері мұндай бақылау арқылы 143,2 мыңнан астам заң бұзу дерегі анықталып, тиісті органдарға жолданған.
Осылайша, екі бақылау жүйесі бойынша жыл басынан бері кемінде 661,2 мың жылдамдықты асыру дерегі тіркелген.