3 желтоқсан күні Алматыдағы «Алатау» концерт залында «Қасиеттім – Желтоқсан!» атты концерт биыл екінші рет өткелі отыр. Аталған мерекелік шара 1986 жылғы желтоқсандағы алаңда шырқалған әндермен қатар, желтоқсанды жырлаған шығармалар және де ел тәуелсіздігін толғайтын отаншылдық рухтағы әндер орындалады. Шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Алматы қаласында үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру бойынша тапсырысы аясындағы тікелей қолдауымен «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруда.
Бұл ән мен жыр кешін ұйымдастырудағы басты мақсат – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тақырыбында жарық көрген музыкалық шығармалар мен әндерді насихаттау.
Концертте кезінде желтоқсан алаңында шырқалған «Атамекен» әнінен бастап, оқиғадан кейінгі уақытта шыққан «Желтоқсан тағылымы», «Желтоқсан желі», «Бостандықтың бойтұмары – желтоқсан», «Қара бауыр қасқалдақ», «Желтоқсан маршы», «Желтоқсан жастары маршы» және «Қайсар қазақ» сынды желтоқсан тақырыбына арналған әндермен қатар, ел тәуелсіздігін толғайтын отаншылдық рухтағы әндер орындалады.
Концертке Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші Бағдат Сәмединова, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Мақпал Жүнісова, әнші-композитор Әбүйірбек Тінәлиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Құдайберген Бекіш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Құрманбек Әлімғазы, Өмірқұл Айниязов, Біржан Хасанғалиев, Әлия Әбілқайыр, Артұр Ізтілеуов және «Алашұлы» тобы сынды өнер жұлдыздары қатысады.
«ҚмД» ақпарат