Қаскелеңде мектеп оқушысы көз жұмды

Самал Асқар 22 қаң. 2026 10:09

Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласында 15 жастағы оқушы сабақ үстінде кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды Dala News.

Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, қайғылы жағдай бүгін таңертең Сәтбаев атындағы орта мектепте болған. Бірінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде 9 «Г» сынып оқушысының жағдайы күрт нашарлаған. Мектеп әкімшілігі бірден жедел жәрдем шақырған.

Дәрігерлер келгенге дейін алғашқы көмек көрсетілгенімен, реанимациялық шаралар нәтиже бермей, оқушы оқиға орнында көз жұмды.

– Бұл – отбасы үшін де, мектеп ұжымы үшін де ауыр қаза. Баланы аман алып қалу мүмкін болмады, – деп хабарлады Қарасай ауданының білім бөлімі.

Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, білім бөлімі қызметкерлері мен психологтар келген. Қазіргі таңда уәкілетті органдар тексеру және тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қорытындысы шыққаннан кейін қосымша ақпарат берілмек.

Қайтыс болған оқушының жасы 15-те болғаны нақтыланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove