Ұрланған қаражатты заңды айналымға тартқан Әнуарбек Жексенғалиев мүлкі тәркіленіп, 6 жылға және 8 айға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қылмыстық табыс сомасы 4,3 миллиард теңге болады.
"Қаржылық тергеу нәтижесінде қылмыстық активтерді жылыстатудың күрделі схемасы зерттелді. Жексенғалиев мемлекеттік бюджеттің 1,1 миллиард теңгесін жымқырып, оны бақылауындағы жалған құрылған кәсіпорындардың шоттарына аудару жолымен заңдастырғаны анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, ол қаражатты алып, шетел валютасына айырбастау бойынша қаржылық операцияларды жүзеге асырған.
"Ол ұрланған қаражатты жылыстату үшін жылжымайтын мүлікпен жалған мәмілелер жасаған. Қылмыстық кірістерді заңдастыру және жылыстату әрекеттері 2019-2022 жылдар аралығында іске асырылды. Ол жер телімдерін сатып алып, құрылыс компанияларына өткізіп, пайдалануға берілген үйлерден сыйақы ретінде пәтерлерді алып отырған", - деп жазылған хабарламада.
Жексенғалиевтен мемлекет кірісіне тәркіленген мүліктің сомасы 4,7 миллиард теңге болады.