2024 жылы Қашаған кен орнынан мұнай өндіруден түскен жалпы кіріс 11 миллиард доллардан асқанымен, Қазақстан бұл жобадан небәрі $650 млн ғана табыс көрді. Ал жобаның акционерлері 2 миллиард доллардан астам таза пайда тапқан, деп хабарлайды Dalanews.kz Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.
"Қазақстан $11 млрд түсімнің тек 6%-ын ғана иеленді", – делінген жарияланған материалда.
"Нәтижесінде, Қазақстан Қашаған мұнайынан $650 млн ғана тапты, ал акционерлердің табысы $2 млрд-тан асты. Республика үлесі, салықтарды қоса есептегенде, жалпы табыстың бар болғаны 6%-ын құрады. Бұл – Қазақстан ғана емес, әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі", – деп жазады басылым.
Түсімнің 80%-ы – шығынды жабуға жұмсалған
PSA (Өнімді бөлу туралы келісім) компаниясының мәліметінше, 2024 жылы Қашаған жобасын іске асырып жатқан консорциум мұнай, газ және күкірт сату арқылы $11 млрд-тан астам кіріс тапқан. Алайда осы қаражаттың 80%-ы акционерлердің капиталық және операциялық шығындарын өтеуге кеткен (яғни, тікелей өндірістік шығындар – Cost Oil).
Тек 20%-ы ғана "пайдалы мұнай" ретінде бөлінген (Profit Oil), оның жалпы көлемі – $2,2 млрд. Осы пайдалы мұнайдың Қазақстан Республикасына тиесілі үлесі – небәрі 10%, яғни $220 млн. Бұған қоса, жобаның операторы NCOC бюджетке $430 млн көлемінде салық төлеген. Осылайша, Қазақстанның жалпы табысы $650 млн-ды құрады.
"ҚазМұнайГаз" акционер ретінде ғана қатысады
Айта кетейік, "ҚазМұнайГаздың" (ҚМГ) жобадағы үлесі 16,88% болғанымен, ол бұл табысты тікелей мемлекетке емес, акционерлік табыс ретінде алады. Сол себепті ҚМГ-ның табысы мемлекет кірісіне тікелей әсер етпейді.
Сарапшылардың айтуынша, Қашағаннан мемлекетке түсетін нақты үлес – кен орнынан 3 млрд баррель мұнай алынғаннан кейін ғана артады. Алайда, соңғы 10 жыл ішінде бұл көрсеткіштің тек алғашқы 1 млрд баррелі ғана өндірілген.
Жақын арада табыс салығы енгізіледі
Болашақта жобаның акционерлері табыс салығын (корпоративтік табыс салығы – КТС) төлей бастайды деп күтілуде. Қазіргі таңда ҚМГ Қашағаннан түскен пайдадан алғашқы $45 млн салық төлемін аударып үлгерді.