Былтыр қарашадан бері ел аузында жүрген даулы оқиғаның бірі - экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жұбайы Салтанат Нүкенованың өлімі. Бұл қаралы жағдай Қазақстанды дүр сілкіндірді. Ал бұл жайтқа күдікті Бишімбаевтың өзі болып отыр. Кейінгі кезде қоғамда осы оқиғаға қатысты екі түрлі пікір қақтығысы жүріп жатыр. Бұл Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынованың мәлімдемесінен кейін тіпті күшейіп кетті.
Адвокат Abay Live-қа берген сұхбатында жантүршігер жағдайға қатысты пікір білдіріп, бұған дейін айтқан сөздерінің мәнін түсіндірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бишімбаевтың ісіне келер болсақ, бұл жерде толығымен ақтап шығарамыз деген не (ой, ниет - еск.) жоқ. Бұл жерде іс заңды түрде, екі жақ тарапынан берілген дәлелдер дұрыс қаралуы керек. Берілген дәлелдердің бәрі зерттелуі керек. Әлеуметтік желіде Қуандық Бишімбаевтың атынан ешкім сөйлеген жоқ. Біздің бір сұхбатымыз ғана, Гүлжан Ерғалиеваның студиясында қойылған сұрақтарға ғана жауап бердік. Біз іс материалдарын толығымен ешқандай жерде жариялаған жоқпыз. Жәбірленуші тарапынан скриншоттар немесе сараптаманың бөліктері көрсетіліп жатыр. Әлеуметтік салада адамдардың пікірін өзгерту үшін сондай мәліметтер жасап жатыр. Негізі бұл заңсыз деп есептеймін. Өйткені әлі сот басталған жоқ. Алдын ала тергеу барысында екі тарап та "іс бойынша ешқандай мәліметті таратпау" деген қолхат береді. Мұның бәрі қарастырылып жатқан жоқ", - дейді бұрынғы министрдің адвокаты.
Бұған дейін Нүкенованың ағасы әлеуметтік желіде оқиға кезінен видео жариялаған еді.
"Адамды шынымен өлтірді ме, қасақана өлтірді ме, аса қатігездікпен өлтірді ме деген сұрақтар туындап жатыр ғой. "Қорғаушылар мұны ақтағалы жатыр, Бишімбаевтың әке-шешесі ақшаларымен неше түрлі затқа барғалы жатыр" деген көптеген пікір жазылып жатыр. Біздің сұхбатымыздан кейін "адам өлтірген кісіні қалай ақтамақсыңдар" деген пікірлер көп болды. Әр адам пікір жазар алдында ойланып жазуы керек, ол істі көрген жоқ, іс материалдарымен танысқан жоқ.
Конституцияда толық жазылған. Адамның кінәсі үкіммен анықталмағанша, үкім өз күшіне енбегенше, кінәсіз деп саналады. Қазіргі кезде Қуандық Бишімбаев кінәлі, адамды қасақана өлтірді дегенге ...менің қорғауымдағы Қуандық Бишімбаев келіспейді.
Себебі осы іс бойынша 13 сараптама жасалды. Қазір жәбірленуші тарапынан "анадай сараптама бар, осындай кезде өлген, жедел жәрдем шақырмаған" деген неше түрлі мәліметтер болып жатыр ғой. Оның бәрін қазір айта алмайды. Айтқанның өзінде жәбірленуші жақтан бұл заңсыз деп есептеймін. Өйткені арнайы сараптама жасайтындай білімдері жоқ. Ол жерде ешқандай куә жоқ. Видео скриншотты әртүрлі қарауға болады", - деді адвокат.
Сонымен қатар, ол полиция жазған хаттамада не барын айтты.
"Полиция хаттамасында қандай дене жарақаттары бары жазылған. Мен оған қорғауымдағы Бишімбаев жауап бермегенше жауап бере алмаймын.
Бірақ олардың айтып жүрген мәліметтерін, ағасының айтып жүрген "көзі ағып кеткен, денесінде бірде-бір сау жер жоқ" деген жауаптарын жоққа шығардым. Себебі сол хаттамада ондай жарақаттар жазылмаған және көрсетілмеген", - дейді Құсайынова.
Адвокаттың сөзінше, күдікке ілініп отырған бұрынғы шенеунік алғашында жауап беруден бас тартқан. Сонымен қатар, оқиға орнына барып, қалай болғанын көрсетпеген.
"Қуандық жауап беруден бірінші кездері, бір ай, екі ай ішінде екі-үш рет бас тартқан. Ондай құқығы бар. Азаптау деген бапты таққан кезде ғана тергеуші изоляторға келіп, жауап алған бір хаттамасы бар. Ол хаттамасында Қуандықтың өзінің толықтау жауабы бар. Алдын ала тергеу барысы бітетін кезде Қуандықтың бұрынғы қорғаушыларынан талап-тілек түсті.
Қуандық осы іс бойынша болған жерде бәрін көрсетіп, жауап беремін деген талабы болды. Сол кезде тергеуші талап-тілегін қанағаттандырды. Кейін 11 қаңтар күні тергеу изоляторына келіп, жауап алған кезде Қуандық ауырып қалды. "Мен бүгін ауырып тұрмын, келесі күнге қалдырайық, басқа күні бәрін көрсетіп, жауап беремін" деген Қуандықтың арызы бар. Тергеуші ол туралы біледі. Одан кейін ғана мен бұл іске кірдім. Өз тарапымнан тергеушіге талап-тілектерімді жібердім. 7-8 арыз болды. Сол арыздардың ішінде де Бишімбаевтан жауап алуды сұрадым. Бірақ бірде-бір сұранысты алдын ала тергеу органы қанағаттандырған жоқ.
...Азаптау болмады. Азаптау бабы бойынша өз кінәсін мойындамайды, оның бәрін Қуандық Бишімбаев жоққа шығарып отыр", - деді адвокат.
Айта кетейік, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атышулы Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді.
"Біздің елде цензураға тыйым салынады, ал медиа ойыншылар көбіне "тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі" қағидаты бойынша жұмыс істейді. Біз жақында журналистік этикаға арналған дөңгелек үстел өткіздік және сол жерде журналистің этикасы өз-өзін қадағалау шегінде болуы керек деген қорытындыға келдік.
Бүгінде көріп отырғанымыздай, өзін-өзі қадағалау деген нәрсе көбіне жұмыс істемейді, әсіресе, ойыншыларды "қызықтыруға" болатын кезде.
Біз механизмдерді түсінеміз және Бишімбаев ісінде бүгін болып жатқан медиа науқанның қалпын көріп отырмыз. Өкінішке қарай, теріс мүддені басшылыққа ала отырып, барлық қабылданған жалпыадамзаттық нормалар мен қағидаларға қайшы, өтірік әрі қоғамдық сананы манипуляциялаумен айналысатын адамдар қоғамнан шеттетіледі. Өйткені қоғам ақымақ емес.
Мен әрқашан кәсіби журналистер қауымдастығын бағалау керек деп айтатынмын. Олар - ойлы, ақылды және күшті адамдар", - деді министр Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында.
Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.