Қашаған операторлары 20 шілдеге дейін Қазақстанға 2,3 трлн теңге айыппұл төлеуге тиіс

Қашаған операторлары 20 шілдеге дейін Қазақстанға 2,3 трлн теңге айыппұл төлеуге тиіс
gov.kz

Қашаған кен орнын игеріп жатқан шетелдік компаниялар экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін Қазақстанға 2,3 трлн теңге көлемінде айыппұл төлеуі керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Даниэль Ваисов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, сот шешімі заңды күшіне енген. Шетелдік компаниялар 20 шілдеге дейін айыппұл төлемесе, Қазақстан қолданыстағы заңнамаға, соның ішінде атқарушылық іс жүргізу туралы заңға сәйкес әрекет етеді.

"Олар 20 шілдеге дейін айыппұлды төлемесе, атқарушылық іс жүргізу басталып, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады", - деді Даниэль Ваисов.

Сонымен қатар, Қашаған операторлары Қазақстанның мемлекеттік органдары қабылдаған шешімдермен келіспей, оларды халықаралық деңгейде даулауды жалғастырып жатыр. Вице-министрдің айтуынша, мердігер компаниялар Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (ICSID) жүгінген.

Қазір тараптар арбитраж алқасының құрамын қалыптастыру жұмыстарын аяқтап жатыр. Арбитраж құрамы шілденің аяғына дейін жасақталады деп жоспарланып отыр.