Қашаған дауы Вашингтонға жетті: ExxonMobil АҚШ Конгресінің қолдауына жүгінбек

Қашаған дауы Вашингтонға жетті: ExxonMobil АҚШ Конгресінің қолдауына жүгінбек
Фото: egemen.kz

Қашаған төңірегіндегі миллиардтаған долларлық дау енді халықаралық арбитраж шеңберінен шығып, Вашингтондағы саяси деңгейге көтеріліп барады. DALA INSIDE дереккөзі NCOC-дің америкалық акционері ExxonMobil корпорациясының Қазақстан билігінің үстінен Ақ үйге шағымданып, өзінің ықпал арналарын іске қоса бастағанын ескертеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оған себеп жеткілікті. ICIJ жариялаған жаңа тергеуде Қазақстан Қашағанды игеру кезінде жасалған жалпы сомасы 10,7 млрд доллар болатын келісімшарттарға күмән келтіріп отырғаны айтылды. Астана кейбір контрактілерде баға қолдан көтерілген, мүдделер қақтығысы болған және жемқорлық тәуекелі бар деп есептейді. Бұл талап Қашаған бойынша Қазақстан қойып отырған шамамен 160 млрд доллар көлеміндегі үлкен арбитраждық даудың бір бөлігі.

Мәселенің өзегі қарапайым. Қашағандағы PSA моделі бойынша инвесторлар әуелі жұмсаған шығынын мұнай есебінен қайтарып алады. Шығын неғұрлым көп болса, Қазақстанның толыққанды табысқа шығуы соғұрлым кешігеді. Сондықтан Астана қазір ондаған жыл бұрын жазылған миллиардтаған долларлық шығынның қаншасы шын мәнінде негізді болғанын қайта тексеріп жатыр.

"ExxonMobil үшін бұл өте ауыр прецедент. Оның үстіне америкалық компания Қашағанды одан әрі кеңейтуге ондаған миллиард доллар инвестиция салуға дайын екенін білдірген, бірақ мұны қазіргі даулардың шешілуімен байланыстырып отыр. Яғни бір жағынан Қазақстан өткен шығындар үшін есеп сұрайды, екінші жағынан ExxonMobil болашақ инвестицияны келіссөз құралы ретінде ұстап отыр", - дейді, дереккөз.

Chevron мен ExxonMobil бұған дейін КТК мәселесінде АҚШ билігінің саяси ресурсымен жұмыс істей алатынын көрсетті. Енді дәл сондай механизм Қашаған бойынша да іске қосылып жатқанға ұқсайды. Алайда Қазақстан бұл жолы позициясын қатайтып отыр. NCOC-қа экологиялық талаптар бойынша бірнеше миллиард долларлық санкциялар қойылды, активтеріне шектеу салынды, ал негізгі дау халықаралық арбитражда жалғасуда.

Астана енді бұрынғы ойын ережесін түгел қайта қарауда. Егер Қазақстан Қашағандағы миллиардтаған долларлық шығындардың бір бөлігін заңсыз немесе негізсіз деп дәлелдей алса, бұл тек өтемақы мәселесі болмайды. Бұл Қашағаннан түсетін болашақ табыстың бөліну моделін де өзгертуі мүмкін. Сондықтан ExxonMobil-дың Вашингтонды іске қосуы бекер емес.

Қашаған үшін негізгі шайқас енді Атырау облысынан Вашингтон округына ауысты. DALA INSIDE бұл тартыстың қалай өрбитінін бақыламақ.