Көпшілік табысын арттыруды қаржылық әл-ауқаттың басты көрсеткіші деп санайды. Алайда жоғары жалақы әрдайым адамның ауқатты екенін білдірмейді. Кей жағдайда айына 400 мың теңге табатын адам миллион теңге жалақы алатын азаматқа қарағанда қаржылық жағынан әлдеқайда тұрақты болуы мүмкін.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ілиясованың айтуынша, ең алдымен адам өзінің нақты қаржылық жағдайына объективті баға беруі қажет, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаржылық жағдайды бағалау неден басталады?
Сарапшының сөзінше, компаниялар өз қаржылық жағдайын баланс немесе қаржылық есеп арқылы бағалайды. Осындай тәсілді әр адам да қолдана алады.
"Бұл өзіңіздің нақты қай деңгейде тұрғаныңызды түсінуге мүмкіндік береді. Ол үшін “Менің қандай активтерім бар? Қанша қарызым бар? Жеке капиталым қанша?” деген сұрақтарға шынайы жауап беру қажет", – дейді Айгерім Ілиясова.
Ең алдымен нарықтық құны бар барлық мүліктің тізімін жасау керек. Оған жылжымайтын мүлік, автокөлік, депозиттер, "Отбасы банкіндегі" жинақ, инвестициялар және қажет болған жағдайда сатуға болатын өзге де активтер кіреді.
Қаржыгер мүліктің сатып алынған кездегі емес, қазіргі нарықтық бағасы ескерілуі тиіс екенін атап өтті. Ал шетел валютасындағы жинақтар есептеу кезінде қолданыстағы бағам бойынша теңгеге айналдырылады.
Сонымен қатар жиһаз, киім-кешек немесе әшекей бұйымдары тек нарықта сатуға болатын жағдайда актив ретінде есептеледі.
Жеке капитал қалай есептеледі?
Мысал ретінде сарапшы құны 30 млн теңгелік тұрғын үйі, 5 млн теңгелік автокөлігі, 1,2 млн теңге көлеміндегі қаржылық қоры, 4 млн теңге жинағы бар "Отбасы банкіндегі" депозиті және 20 млн теңге тұратын жалға берілетін пәтері бар отбасын қарастырды.
Бұл жағдайда отбасының барлық активінің жалпы құны 60,2 млн теңгені құрайды.
Алайда қаржылай жағдайды бағалау үшін тек мүлікті емес, барлық міндеттемені де ескеру қажет. Оған ипотека, тұтынушылық несие, бөліп төлеу және өзге де қарыздар жатады.
Мәселен, егер отбасының 15 млн теңге ипотекасы, 2 млн теңге тұтынушылық несиесі және 500 мың теңге бөліп төлеу міндеттемесі болса, жалпы берешек көлемі 17,5 млн теңгені құрайды.
"Нақты қаржылық жағдайды анықтау үшін барлық активтің құнынан міндеттемелердің жалпы сомасын шегеру қажет. Осы мысалда отбасының жеке капиталы 42,7 млн теңгеге тең. Адамның қаржылай тұрғыдан байып келе жатқанын немесе керісінше екенін дәл осы көрсеткіш көрсетеді", – дейді сарапшы.
Барлық актив бірдей пайда әкелмейді
Айгерім Ілиясованың айтуынша, активтердің бәрі бірдей табыс көзі бола бермейді. Жалға берілетін жылжымайтын мүлік, депозиттер мен инвестициялар тұрақты табыс әкелетін инвестициялық активтерге жатады.
Ал адамның өзі тұратын баспана мен күнделікті пайдаланатын автокөлік құнды болғанымен, өздігінен табыс әкелмейді.
Мысалдағы отбасының инвестициялық активтері – жалға берілетін пәтер, депозит және "Отбасы банкіндегі" жинақ. Ал жеке тұрғын үй мен автокөлік инвестициялық пассив ретінде қарастырылады.
"Егер жеке капиталдан инвестициялық пассивтердің құнын алып тастасақ, таза инвестициялық активтердің көлемі шығады. Біздің мысалда бұл көрсеткіш – 7,7 млн теңге. Уақыт өте келе дәл осы соманы ұлғайтуға ұмтылу қажет", – деп түсіндірді қаржыгер.
Сарапшының пікірінше, жеке капиталды көбейтудің екі жолы бар. Атап айтқанда, активтерді арттыру және қарыз көлемін азайту.
"Ең бастысы – таза инвестициялық активтерді көбейту. Егер әр үш ай сайын қаржылық жағдайыңызды бағалап, жеке капиталыңыз бен инвестициялық активтеріңіздің өсіп жатқанын байқасаңыз, онда қаржыңызды дұрыс басқарып келе жатырсыз деген сөз", – деп түйіндеді Айгерім Ілиясова.