Қазақстанда 69 бала суға кетті: ІІМ ата-аналарға үндеу жасады (ВИДЕО)

Қазақстанда 69 бала суға кетті: ІІМ ата-аналарға үндеу жасады (ВИДЕО)
ашық дереккөзден

Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы бері 69 бала суға батып қаза тапты. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған аумақтарда болған.

ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов тұрғындарға тек қауіпсіз әрі арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу керегін ескертті.

"Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар. Оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер. Сондай-ақ аптап ыстықтан кейін суық суға бірден түсуге болмайды", – деді ол.

Министрлік рұқсат етілмеген жерлерде шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да еске салды.

Жыл басынан бері осы талапты бұзған 2700-ден астам азамат жауапкершілікке тартылған.

"Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен сіздердің жауапкершіліктеріңізде екенін ұмытпаңыздар", – деді Арман Саданов.