700-ден аса қате анықталып, ескерту берілген: мектеп оқулықтары қалай жаңартылады?

700-ден аса қате анықталып, ескерту берілген: мектеп оқулықтары қалай жаңартылады?
gov.kz

Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін бекіту және білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес оқулықтарға қосымша сараптама жүргізілген. Оқулықтардың сапасы Үкіметтің ерекше бақылауында.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қосымша тексеріа барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден аса ескерту мен қате анықталғанын хабарлаған болатын. Осыған байланысты оқулықтарды бекітуге дейін оларды қосымша жетілдіру туралы шешім қабылданды.

"Қазір баспалармен және сарапшылармен бірлесіп, ескертулер жойылып жатыр. Қосымша уақыт оқулықтардың сапасын толық қамтамасыз ету үшін қажет. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатыр. Оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныптарға арналған "Қазақ тілі", "Орыс тілі", "Математика", "Дүниетану", "Әдебиеттік оқу", "Музыка" пәндері бойынша, сондай-ақ, 7-сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" пәні бойынша оқулықтар сатып алынады. Оқулықтарды таңдау Etandau.gov.kz электрон платформасы арқылы жүзеге асырылды. Оның нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдар өтініштерді қалыптастырып, баспаларға жолдады", - деп жазылған хабарламада.

Оқулықтарды одан әрі жаңарту да кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптарға, 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады.