Ақтаулықтар Джеки Чаннан ауызсу мәселесін шешуге жаппай көмек сұрап жатыр

Ақтаулықтар Джеки Чаннан ауызсу мәселесін шешуге жаппай көмек сұрап жатыр
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі, holanews.kz

Джеки Чанның Қазақстанға сапары әлеуметтік желіде күтпеген бастамаға ұласты. Ақтау тұрғындары әлемге әйгілі актердің жарияланымдарының астына жаппай пікір қалдырып, қаладағы көп жылдан бері шешілмей келе жатқан ауызсу мәселесіне назар аударуды сұрай бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі тіпті видеоүндеу жариялап, актерге тікелей үн қатқан.

"Құрметті Джеки Чан, Ақтауға қош келдіңіз! Бұл - Қазақстан. Бізде ауызсу жоқ. Билік бірнеше рет жергілікті халықты ауызсумен қамтамасыз етуді тоқтатты. Өтінемін, үйіме келіңіз", - дейді тұрғын.

Ал Instagram желісіндегі пікірлерде ақтаулықтар:

"Ақтау қаласын ауызсумен қамтамасыз етуге көмектесіңізші. Жыл сайын бір мәселені бастан өткереміз – үйлерімізде ауызсу болмайды. Бұдан әбден шаршадық", – деп жазып жатыр.

Осылайша, көпшілік әлемдік жұлдыздың назарын өңірдегі өзекті мәселеге аударуға тырысқан.

Ал Маңғыстау облыстық Су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының орынбасары Ануар Төлеқов өңірде ауызсу тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мәселе судың жетіспеуінде емес, тозығы жеткен су құбырларының өткізу қабілетінде. Шенеуніктің сөзінше, су желілерін толық жаңғыртуға шамамен үш жыл қажет.

Әзірге Джеки Чан Ақтау тұрғындарының өтініштеріне ешқандай пікір білдірген жоқ.