Қазақстанда мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығындары артып келеді. Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айында бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге жұмсалған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл сома қазірдің өзінде экономиканы қолдауға бағытталған Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттердің шамамен жартысына тең.
Соған қарамастан, Үкімет мемлекеттік борыш деңгейін қауіпсіз деп бағалап отыр. Қаржы министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік борыш көлемі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) шамамен 26 пайызын құрайды. Оның ішінде сыртқы борыштың үлесі - ЖІӨ-нің 4,5 пайызы.
Алайда бюджетке түсетін жүктеме біртіндеп артып келеді. Бұған бұрыннан қалыптасқан қарыз міндеттемелерімен қатар, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы жүзеге асырылып жатқан ішкі қарыз алу көлемінің ұлғаюы әсер етуде. Соның салдарынан алдағы кезеңде мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығындары да өсе түсуі ықтимал.
Жаңа қарыз алудың негізгі себебі - республикалық бюджет тапшылығы. Қаржы министрлігінің болжамына сәйкес, 2026 жылдың қорытындысында бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-нің 2,5 пайызына жетеді.
Осы тапшылықты жабу үшін Қазақстан қаржыны ішкі нарықтан ғана емес, халықаралық қаржы институттары мен сыртқы капитал нарығынан да тартуда. Маусым айында Парламент Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы 92,3 млрд жапон иенасы (шамамен 576 млн АҚШ доллары) көлеміндегі қарыз туралы келісімді ратификациялаған болатын. Несие 11 жыл мерзімге беріліп, оның алғашқы бес жылы жеңілдік кезеңі ретінде қарастырылған. Билік жапон иенасын төмен пайыздық мөлшерлемеге байланысты таңдағанын мәлімдеген.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Қазақстан халықаралық нарықта тағы 1–1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде егемен еурооблигациялар орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл қаражат та республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталмақ.