558 спортшы, 35 спорт түрі: Қазақстан Азиадаға аттанды

558 спортшы, 35 спорт түрі: Қазақстан Азиадаға аттанды
Gov.kz

Жапорияда өтетін XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы спорттың 35 түрінен 558 спортшымен сынға түседі. Байрақты бәсекеге 45 елден шамамен 15 мың спортшы қатысып, 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады, деп хабарлайды Dala News.

«Биыл құрама команда дайындығына жаңа тәсілдер енгізілді. Алғаш рет команданың едәуір бөлігінің қорытынды дайындығы ойындар өтетін елдің өзінде ұйымдастырылып жатыр», — деді Туризм және спорт министрлігі.

Қазақстан құрамасы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Ел спортшылары бұған дейін жеңіл атлетика, бокс, жүзу, ауыр атлетика, күрес, дзюдо, ескек есу және басқа да спорт түрлерінен жүлдеге ие болған.

Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы медаль саны бойынша рекордтық көрсеткіші 2006 жылы Дохада тіркелді. Сол кезде қазақстандық спортшылар 23 алтын, 19 күміс және 43 қола медаль жеңіп алып, жалпы 85 жүлде алған.

2014 жылы Инчхонда Қазақстан құрамасы 84 медаль еншіледі. Оның ішінде 28 алтын, 23 күміс және 33 қола жүлде бар. Ал 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 11-орын алды.

Құраманы Азия ойындарына дайындау аясында жыл басынан бері 226 оқу-жаттығу жиыны өткізілген. Сонымен қатар қазақстандық спортшылар 68 спорт түрінен 282 халықаралық жарысқа қатысқан.

Олардың қатарында 26 әлем чемпионаты, 71 әлем кубогының кезеңі, 37 Азия чемпионаты және 148 халықаралық турнир бар.

Құрама дайындығын күшейту үшін 11 елден 13 спорт түрі бойынша 24 шетелдік маман тартылған.

Спортшылардың физикалық және функционалдық жағдайын бағалау үшін Performance Hub ғылыми-зерттеу тобы кешенді тестілеу жүргізген. Платформада әр спортшының жағдайы бағаланып, жаттығу циклдері ғылыми негізде жоспарланады.

Биыл Қазақстан құрамасының едәуір бөлігі жарыс өтетін Жапонияда алдын ала дайындалып жатыр. Қазір спортшылардың шамамен 80 пайызы Жапонияда оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, уақыт белдеуі мен климатқа бейімделуде.

Қазақстан құрамасының Азия ойындарына арналған спорттық киімін жапондық Mizuno компаниясы дайындаған. Оның дизайны ойындардың жалпы стилистикасы мен логотипіне сәйкес әзірленген.

Спорттық делегация құрамын қалыптастыру бойынша биыл алғаш рет бірыңғай нормативтер бекітілді. Құрамға жаттықтырушылар, дәрігерлер, массажистер және спортшылардың дайындығы мен қалпына келуіне тікелей жауап беретін басқа да мамандар басымдықпен енгізіледі.

Министрлік мәліметінше, негізгі мақсаттардың бірі — халықаралық тәжірибені отандық жаттықтырушылардың білімімен ұштастырып, спортшыларды тек осы Азия ойындарына емес, алдағы ірі халықаралық жарыстарға да жүйелі түрде дайындау.