Қарин: "Тоқаев? Ол ешқайда кетпейді"

Dalanews 18 нау. 2020 17:34 948

Президент кеңесшісі, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин Тоқаевтың отставкасына қатысты алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырды.




Оның айтуынша мұның артында ел ішіне іріткі салғысы келетін арандатушылар тұр.

 


"Қазір мемлекет ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр.

Президент әкімшілігі, үкімет пен әкімдіктер - үлкен штаб. Адамдар жұмысында қонады деп айтуға болады.


Сондықтан жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамын. Өздеріңізді де, бізді де түрлі сыбыстарға байланысты жұмыстан бөлмеңіз", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Бұған дейін журналист Гүлнар Бәжкенова өзіне "президент отставкаға кететіні" туралы хабар жеткенін жазған болатын.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 20 наурызында Қазақстан президенті қызметіне кірісті. 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқан еді.

Бұдан бұрын Президент кеңесшісі "Тәуелсіздік пен ел тұтастығынан ешнәрсе жоғары емес" деген пікір білдірген.


"Қазақ саясатының бір ерекшелігі – билікшіл немесе оппозицияшыл, оңшыл немесе солшыл болсын, саясатта жүрген тұлғаларды мемлекетшіл немесе мемлекетшіл емес деп бағалаймыз.

Бұл нені аңғартады? Бұл қоғамда сондай ұстанымның барын көрсетеді.

Яғни, егер қоғам белгілі бір тұлғалар биліктің қай жағында жүрсе де, оған мемлекетшіл деп баға берсе, онда әрбір қарапайым азамат бұл тұлғадан мемлекеттілік құндылықтарға берік болғанын қалайтындығында.


Осындай ұстаным сақтала берсе, біз әрқашанда мемлекет болып қала береміз. Қазақтың жері ақырзаманға дейін қазақтың жері болып қалады", – деген болатын Ерлан Қарин.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар