Бөліп төлесе де, ақшаға алса да дүкендер неге бір баға ұсынады? Осы сауал төңірегінде соңғы кездері қоғамда дау туындауда. Екі баға немесе бөліп төлейтін кездегі баға мен нақ бағаны көрсетіп қою туралы бастама да көтерілуде. Қаржыгер-маман Айдархан Құсайынов мұны өте нашар бастама деп санайды. Сөйтіп оған дәлел де келтіріп, желіде жазба жариялады. Dalanews.kz маман жазбасын аударып, оқырмандар назарына сол күйінде ұсынуды жөн көріп отыр.
"Екі баға немесе бөліп төлейтін кездегі баға және нақ бағаны көрсетіп қою туралы бастамаға келсек. Оны мен өте нашар бастама дер едім. Оған дәлел келтіру үшін осы жайттың шынайы өмірде қалай көрініс табатындығына бір үңілік көрелік", - дейді ол Telegram-дағы арнасында.
Біріншіден, клиенттердің санатын қарастырып алайық: "негізгісі" - мүлде несиеге жолағысы келмейтіндер. Олар бай да, кедей де болуы мүмкін, соңғысы алдымен ақша жинаумен айналысады. Байлар – тауарды бірден сатып ала алатындар, бірақ депозиттеріне тиіспес үшін бөліп төлеу амалына жүгінетіндер. Орташалар - тиісті бір жинаған ақшасы жоқ, бірақ кірістері көсіліп сауда жасауға мүмкіндік береді. Кедейлер - жинағы жоқ, бірақ кірістері сауда жасауға бірде жетіп, бірде жетпей жататындар.
Дүкеншінің ойы:
Қолында сатудың екі арнасы бар: бірден 100 теңгеден сатып алушыға сатады немесе банкке 80 теңгеге сатады, ал ол бөліп төлеу арқылы оны сатып алушыға 100 теңгеге қайта сатады. "Негізгі" сатып алушылар 50%, ал бөліп төлеп алуды қарастыратын қалғаны 50% деп алайық. Сонда барлығы, 10 бірлік тауардың орташа сатылымының орташа құны 90 теңге, демек күніне 900 теңге болады. Енді дүкен қолма-қол ақшаға сатып алатындар мен бөліп төлеу амалын қолданатындарға арналған әділ бағаны бөліп көрсетсін делік. Бұл арада "әділ баға" 80 теңге сияқты, өйткені 20 теңгені банк "айналдырады" ғой. Яғни, енді дүкен бөліп төлеусіз құн 80 теңгені, ал бөліп төлейтіндердікі – 100 теңге дейді, сөйтіп оның күндік табысы 800 теңге болып қалады, бірден 100 теңгесін жоғалтады.
Сатып алушының ойы:
"Негізгі" сатып алушылардың әрекетінде өзгеріс болмайды, ал "байлар" бөліп төлеуден бас тарта бастайды, өйткені олар үшін баға арзандайды. Орташа мен кедейлер бәз баяғыша бөліп төлеу амалына жүгінеді.
Банктың ойы:
Бұрын оның қоржынында "бай", "орташа" және "кедей" болған. Байлар әрдайым 20 теңге қайтарып отырды,орташадан 17 теңге,кедейлерден 14 теңге түсетін. Сонда барлығын қоса есептегенде, қоржынның орташа табысы 17 теңге болады. Енді байлар бөліп төлеуден бас тартқандықтан, қоржынның орташа қайтарымы 17 теңгеден 15 теңгеге дейін төмендеді. Сондықтан азайған осы тұсты толтыру үшін банкке төлемді 20 теңгеден 22 теңгеге дейін арттыру қажет болады. Бірақ мұндай артық төлем кедейлердің бір бөлігін бөліп төлеуден бас тартуға түрткі болуы мүмкін, демек, артық төлемді 23 теңгеге дейін арттыру қажет.
Дүкенге оралайық.
Екі баға қоюдан туындаған қарыз алушылар сапасының нашарлауынан артық төлемнің өсуіне байланысты кедейлердің бір бөлігі сатып алатын тауар санын қысқартуға көшкен: 10 емес,9 бірлік тауар сатылады. Демек, күндік табыс 900 теңгеден 800 теңгеге емес, 720 теңгеге дейін төмендеді. Бірақ шығындар сол баяғыша, сондықтан бастапқы бағаны 100 теңгеге дейін көтеру керек болады,бірақ ондайда бөліп төлеу бағасы 122 теңгеге дейін өседі, онда оны барлық қарыз алушылардың қалтасы көтере бермейді, сөйтіп-сөйтіп жаңа тепе-теңдік орнатылады.
Сандардың барлығы шартты, бұл - модельдік мысал, бірақ принцип бірдей – бәрі бағаның өсуіне әкеліп соғады. Адам неғұрлым кедей болса, соғұрлым қымбатшылыққа ұрына береді. Бөліп төлеуден бас тартқан байлар үшін, тіпті бағалар төмендеуі мүмкін (бірақ, мүмкін, өзгермейді), ал бөліп төлеуші кедейлер үшін бастапқы бағаның да, артық төлемнің де көлемі өседі, ал біреулер үшін сауда жасау мүлде мүмкін болмай, қайыршылық кебін киеді.
"Сондықтан әділеттілікті орнату бұл арада байлар тұрғысынан ғана дұрыс болады. Шынында да, неге олар бөліп төлейтіндермен бірдей бағада сауда жасауы тиіс? Ия, бұл схемада байлар ("негізгі" сатып алушылар) қалғандарын субсидиялауда. Олар бірден сатып алу арқылы сатушыға "банктің бөліп төлеу комиссиясын" береді және осылайша оның пайдасын қалыптастырады, бұл тауарды банкке (бөліп төлеу) төмендетілген бағамен сатуға мүмкіндік береді. Ал бөліп төлеу арқылы тауар сатып алатын байлар іс жүзінде кедейлердің дефолттарын субсидиялайды, яғни артық төлем көлемін азайтады. Ия, солай. Бәлкім, әділеттілік тұрғысынан бұл дұрыс болмауы мүмкін. Мүмкін әділ де болар. Өйткені, дәл осындай қағидат міндетті медициналық, автокөлік сақтандыруы, әлеуметтік көмек пен қоғамдық өзара көмектің кез-келгенінде негізделген. Сондықтан бұл тек мемлекеттік саясаттың еншісіндегі дүние, таңдауды солар жасауы тиіс: "әлеуметтік әділетсіздікті" жойып, бір бағадан бас тартады ма немесе бұрынғы жүйені қалдырады ма? Бірақ кез келген жағдайда бұл жайт бағаны өсіре береді", деп сөзін қорытындылайды маман.