Қаржы сарапшысы Қазақстандағы баға өсімінің себебін түсіндірді

Ақтоты Жапатова 05 қыр. 2025 19:47

Қазақстанда күнделікті қымбатшылық халықтың басты мәселесіне айналды. Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, бүгінгі бағаның өсуі соңғы он жылдағы қате саясаттың салдары болып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының пікірінше, 2014 жылдан бері қымбатшылықпен күресте әкімшілік-әміршілдік әдістер қолданылып келді. Яғни билік кәсіпкерлерге бағаны өсірмеуді бұйырып, жасанды бақылау орнатты. Бірақ нарық жағдайында бұл тәсіл тиімсіз болып, саудагерлер тауар тапшылығын қолдан жасап, өз бағасымен сатуға көшкен.

«Осыған байланысты кәсіпкерлер тәуекелге дайындалып, болашаққа сенімсіздікпен қарап, тауарды барынша қымбат сатуға тырысты. Соның кесірінен баға үнемі көтеріліп отырды», – дейді Олжаев.

Экономист коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауын 2018 жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе деп бағалайды. Сол жылы тарифтен түскен қаржыны инженерлік жүйелерді жаңартуға бағыттау жоспарланғанымен, ол қаражат мақсатсыз жұмсалып, бастама тоқтап қалған. Ал ескірген құбырлар мен қазандықтар соңғы жылдары жиі істен шыға бастады.

«Қазір тарифті өсірмесек, ертең су да, жарық та болмайды. Таңдау екі-ақ түрлі: не су жоқ, бірақ тегін, не су бар, бірақ сәл қымбат», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, 2026 жылға қарай тарифтердің жалпы өсімі 30%-ға жетуі ықтимал.

Олжаев азық-түлік бағасының көтерілуіне екі негізгі фактор әсер етіп отырғанын атап өтті.

Біріншіден, Қазақстан өзін толықтай азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайды. Жыл сайын 4 млрд долларға жуық өнім шетелден импортталады, оның тең жартысы Ресейден әкелінеді. Ресейдегі инфляция мен рубльдің қымбаттауы Қазақстандағы бағаға тікелей ықпал етуде.

Екіншіден, отандық фермерлер өнімін ішкі нарықтан гөрі шетелге өткізгенді тиімді көреді.

« 12 ай бойы еңбек етіп, малын өсіріп, терін төккен шопанға «шетелге қымбатқа сатпа, ішкі нарыққа арзан сат» деп қалай айта аламыз? Себебі сыртқа қымбатқа өткізген әлдеқайда пайдалы», – дейді сарапшы.

Не істеу керек?

Сарапшының ойынша, тарифтер бойынша қымбатшылықтан қашып құтылу мүмкін емес – кемінде 5–6 жыл шыдауға тура келеді. Дегенмен тарифтен түскен қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң қадағалау қажет.

Жанармай саласында нарық тепе-теңдікті өзі реттеуі тиіс, ал такси мен қоғамдық көліктерді арзан электромобильдерге ауыстыру маңызды.

Азық-түлік мәселесінде басты жол – өндірісті дамыту.

«Қазақстан тамақтың бәрін өзінде өндірмейінше, қымбатшылық тоқтамайды», – дейді Олжаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар