Hizoka есімді Threads қолданушысы 12–13 сәуір күндері Қызылорда – Петропавл бағытындағы пойызда болған жантүршігерлік жағдайды баяндады. Ол оқиғаның басты кейіпкері — жалғыз сапарға шыққан құрбысы екенін айтады. Жас қыз жол бойы пойыз қызметкерінің қорлығына тап болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жазба авторының айтуынша, жолсерік құрбысына оғаш әрекет көрсеткен. Оқиға 076ХА пойызында өрбіген. Қызға қызмет көрсетуі тиіс болған жолсерік — Жәнібек есімді азамат — күмәнді әрі ерсі әрекеттерге барған.
Жолаушы қыздың сөзіне сүйенсек, жолсерік оған қырындап, бетінен сипауға тырысқан. Тіпті тамбурға шақырып, "таза ауа жұтайық" деп мәжбүрлеген. Қыз бас тартқанымен, ер адам өз дегенінен қайтпаған.
"Қатты ұйықтадың ғой" деген секілді орынсыз сөздер айтып, артынан "поспи, ночью не дам спать" деп қорқытқан. Жол-жөнекей қолын қысып, жақындамақ болған.
"Құрбым басқа жолсеріктен көмек сұрап, көрші вагондағы апалар отырған орынға ауысқан. Алайда әлгі Жәнібек оны сонда да іздеп тауып, қайтадан мазасын алған. Тіпті "Мен сені іздеп жүрмін, сенің орныңда басқа адамдар отыр ғой" деп дөрекі сөйлеген", - дейді желі қолданушысы.
Ең сорақысы — жолаушы қыз не болып жатқанын айтып, көмек сұрағанда, ешбір жолаушы араша түспеген.
Қыздың қауіпсіздігін тек досы онлайн бақылауға мәжбүр болған.
Жолаушы қыз жағдайды аға жолсерікке жеткізгенімен, нақты шара қолданылмаған. Сұрақтар қойылып, мән-жай сұралғанымен, жауапкершілік жүктелмеген. Тек жазба авторының Астанадағы таныстарының араласуы нәтижесінде ғана әлгі жолсерік келіп, кешірім сұрауға тырысқан.
"Бірақ оның айтқан сөзі тіпті ақтауға келмейді: "Мен жай әзілдедім. Бәрін қате түсіндің. Мен саған қарындасымдай қарадым", — деп ақталған", — дейді жазба авторы.
Жазба соңында автор елдегі қоғамдық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, шұғыл шара қабылдау қажеттігін алға тартты.
"Біздің елде тіпті пойыз іші де қауіпті. Ең сорақысы — мұндай жағдайда айналамыздағы адамдар үнсіз қалып жатады, көмек беруге ұмтылмайды. Қорқақтық бізді адамдық қасиеттен айырып барады. Бірақ үндемесек — бұл жағдай тағы қайталанады. Бұл орында сіздің қызыңыз, қарындасыңыз не құрбыңыз болуы мүмкін", — деп қынжылды ол.
Hizoka бұл жазбасын Threads парақшасына жариялап, елдің назарын жолаушылар қауіпсіздігіне аударуды мақсат еткен. Жазба бірнеше сағаттың ішінде кең таралып, қызу талқыға түсті.
“Қазіргі таңда Жанғараев Жәнібек есімді жолсеріктің әрекетіне байланысты тиісті органдардың қандай да бір нақты шара қолданатыны белгісіз. Дегенмен қоғам үнсіз қалса, мұндай оқиғалар жалғаса бермек”, — деп сөзін түйіндеді ол.
Еске салайық, 2018 жылы қараша айында елордадағы ғылыми конференциядан Ақтөбеге қайтып бара жатқан әйелді "Тұлпар-Тальго" пойызында екі жолсерік бірінен соң бірі зорлап, қиянат жасамақ болғаны туралы жазған едік.
"НеМолчиKZ" зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалыс" қорының басшысы Дина Таңсәрі жантүршігерлік оқиғаны көтерген болатын.
Іс Қылмыстық кодекстің "Зорлау" бабы бойынша қаралып, 2019 жылы екі жолсерік Қ.С.Құрманияз және Ж.А.Умбеталиев 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
“Ақтөбе облыстық соты 23.08.2022 жылы сотталушы Қ.С.Құрманияздың жеке шағымымен келіп түскен жадығатты қарады. Сотталушы Қ.С.Құрманияз тағайындаған жазасының 1/2 бөлігін өтеген. КА-168/2 мекемесінің әкімшілігі тарапынан жақсы жағынан мінезделетіні, екі рет көтермелеу шараларына ие болғаны, сот үкімімен мемлекет кірісіне өндірілген процестік шығынды және жәбірленушінің өтемақы қорына өндірілген мәжбүрлі төлемді толық төленгені ескерілді. Ақтөбе қаласының №2 соты 22.06.2022 жылғы қаулының күшін жойып, сотталушы Қ.С.Құрманияздың шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды, - деп хабарлады Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.