Қарашадағы жер сілкінісін дәл болжаған маман алдағы күндерге арналған зерттеу жүргізді

Қаракөз Амантай 06 қар. 2024 13:31 7518

5 қарашада Алматыда 3 балдық жерасты дүмпуі тіркелді. Бұл жағдай тұрғындардың үрейін алып, төтенше жағдайға дайындық мәселесін қайта еске салды. Осыған байланысты Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (ХАТУ) PhD докторы және Ионосфера институтының жетекші ғылыми қызметкері Марат Нұртас жер сілкінісі қаупін бағалап, алдағы уақытта болуы мүмкін сейсмикалық белсенділікті болжау үшін арнайы зерттеу жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Наурыздағы ескерту және қарашаға болжам

Наурыз айында Dalanews.kz агенттігі  Марат Нұртастың табиғи құбылысқа байланысты пікірін сұраған еді. Қоғамда кеңінен талқыға түскен бұл сұқбатта зерттеуші халықты көктем және күз айларында ерекше сақ болуға шақырған еді. Оның деректеріне сәйкес, наурыз және қараша айлары қауіпті кезең болатыны ескертілген болатын. Ал ескертуді естен шығарған халық кеше тағы бір жерасты дүмпуінің куәсі болды.

Қарашаға арналған ғылыми талдау нәтижесі

Күні кеше маман қараша айына арналған зерттеу жүргізгенін хабарлады. Мұны жүзеге асыру кезінде ол нейрондық желілер негізінде жасалған гибридті модельдерді қолданған.

Жер сілкінісін болжауға арналған гибридті модельдер тарихи деректерді, мәселен, бұрынғы жер сілкіністерінің уақыты, орны, магнитудасы сияқты көрсеткіштерді талдайды. Нейрондық желі осы деректер негізінде қайталанатын заңдылықтарды анықтауға көмектеседі. Бұл заңдылықтар жер сілкінісінің қай уақытта және қаншалықты күшті болатынын болжауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар гибридті модельдерге басқа да статистикалық әдістер қосылып, болжаудың дәлдігін арттырады. Жер сілкінісінің нақты күні мен сағатын болжау қиын болғанымен, гибридті модельдер көмегімен айдың белгілі бір кезеңінде немесе апта ішінде қауіптілік деңгейін алдын ала білуге болады.

Қараша айына арналған жер сілкінісін болжау кезінде де Марат Нұртас Жасанды Интеллект (ЖИ) моделін қолданған.

20241106110441396.jpeg

20241106110457695.jpeg


Айтуынша, алғашқы екі график гибридті модельді оқыту процесін көрсетеді және оның нақты деректермен қаншалықты сәйкес келетінін бейнелейді.

“Бұл графиктерде тестілік нақты мәндер мен тестілік болжамды мәндердің салыстырмалы көрсеткіші берілген. Модель Орталық Азия деректеріне негізделіп, тестілік үлгіде бағаланған”, - дейді маман.

Осы тестілеу нәтижесінде келесі бағалау көрсеткіштері есептелген.

“Орташа квадраттық қателік (MSE) – 0.686. Бұл көрсеткіш болжамдардың нақтылығын анықтайды. Неғұрлым кіші мән болса, соғұрлым болжам дәлірек.

Орташа абсолютті қателік (MAE) – 0.511. Бұл модельдің болжам қатесінің орташа деңгейін көрсетеді.

Huber Loss – 0.276. Бұл көрсеткіш қателіктерді есептеу барысында нақты мәліметтерге жақын болғанын көрсетеді.

Медианалық абсолютті қателік: 0.305. Бұл мән болжамның көбі 0.305 шегінде екенін көрсетеді”, - дейді ол.

Маманның жасаған модель көрсеткішіне сәйкес, ай соңына қарай  белсенділік қазіргі қалыпты жағдайдан біраз күшейуі мүмкін.

20241106110620635.jpeg

20241106110635818.jpeg


“Жер сілкінісінің болжамын жасау үшін Алматы қаласынан 250 км радиусты аумақ алынды. Бұл аймақта болашақтағы сейсмикалық белсенділіктің өзгерістері туралы мәліметтер ұсынылған. Зерттеулерге сәйкес, қарашаның соңына қарай сейсмикалық белсенділік күшейуі мүмкін”, - дейді Марат Нұртас.

Маманның сөзінше, жер сілкінісінің параметрлері өте көп. Сондықтан модель сапалы құрылғанымен, жер сілкінісін дәл болжауға кепілдік берілмеген.

“Графикте Алматы облысы бойынша жасалған деректер негізінде 6 қараша мен 6 желтоқсан аралығындағы болжамды магнитудалық мәндер ұсынылған. Бұл жерден қараша айының басында сейсмикалық белсенділіктің жоғарылағаны, ал ортасына қарай баяулағаны байқалады. Ал қарашаның соңына қарай жер сілкінісінің магнитудасы артуы мүмкін екені көрсетілген. Алайда желтоқсан айына арналған болжамды бөлек есептеуіміз қажет”, - деп қосты ол.

Еске салайық, кеше алматылықтар жер сілкінісін сезді. 

ҚР ТЖМ "СБЗҰҒО" ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 5 қарашада Астана уақыты бойынша 10.00 минут 30 секундта жер сілкінісі тіркелді. 

"Жер сілкінісінің координаттары:  43.261 с.е. 77.310 ш.б. Жер сілкінісі ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 км. жерде орналасқан", - деп жазылған хабарламада.

Есептік қарқындылығы:

  • Алматы қаласы 3 б. 
  • Талғар 4 б. 
  • Есік 4 б.
  • Түрген 3.0 б. 
  • Өтеген-Батыр 3 б. 
  • Боралдай 2 б. с.
  • Маловодное  2б. 
  • Ж. Қайыпов 2 б. 
  • Алатау (Жетіген) 2 б.
  • Қарасай (Қаскелең) 2 б.

Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам:

  1. Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз;
  2. Жер сілкіну кезінде лифт және баспалдақпен қолданбаңыз;
  3. Жиhаздан, терезеден, ары тұрыңыз; 
  4. Жасырынатын жерді табыңыз - жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрышында орын алып жасырыңыз; 
  5. Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда); - көп қабатты үйлерде жер сілкіс аяқталған соң ғимараттан шығыңыз;
  6. Кетер алдында суды, газды, электр қуатын мүмкіндігіңізше өшіріңіз;
  7. Дабыл жол сандығын алыңыз (алдын ала дайындау қажет);
  8. Электр желілерден , ғимарат, ағаштардан  аулақ болыңыз;
  9. Жер сілкінуіне дайын болыңыз;
  10.  Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар