Ендігі айтпағым мынау, өзім қытай елінде туып-өстім. Есейе келе қытай мектептерінде оқып, ханзулармен аралас-құралас та болып, олардың қандай ұлт екеніне қаныға бастадық.
Бұлардың ұлттық ұстанымы мүлде басқаша. Отбасылық тәрбиесінің өзінде ешқашан күш қолданбай, біртіндеп басып алу саясатын үйретеді. Біздің ауыл тау жастанған, шағын егістік жері бар шалғай қыстақ болатын. Бала күнімізде иінағаш көтеріп, киім-кешек сатып жүрген қытайларды көрсек бір топ бала тас лақтырып, соңынан қызықтап еріп алатынбыз.
Сол қытайлар біртіндеп аяқ киім жамаушы, ауыл адамдарын фотоға түсіруші, ағаштан үй жиһаздарын жасаушы, жалданып үй салып, егін егуші болып, кәдімгі құлдықта өмір сүретін.
Бір күні марқұм әжем жауында малмандай су болып, біздің үйді паналаған 3-4 қытайға ас-суын беріп, жолға салған соң есік жақтағы солар отырған жерді отпен аластап, сусын ішкен ыдыстарын күлмен үш қайтара жуғаны әлі көз алдымда...
Енді қазір сол қытайлар баяғыда-ақ ауылдың қожасына айналған. Ірі сауда дүкендері, егіншілік алқаптары солардың қолына өткен. Кезіндегі құл, қазіргі қожайын қытайларға ауыл қазақтары жалданып күн көреді. Көзбен көрмесеңіз сенбессіз, әрине.
Жақыннан бері «Қазақ жерлері қытайларға 25 жылға жалға беріледі» деген суық хабарды естіп, менен ұйқы қашты. Түрлі егіс дақылдарын тез өсіріп, мол өнім алу үшін олар аса улы биогендік-химиялық тыңайтқыштарды молынан қолданады. Түрлі құрттарды қыру үшін шашқан дәрілерінен тышқандар қырылады, оны жеген дала құстары түгелдей қырғынға ұшырайды. Сонымен, 3-5 жыл ішінде қалың топырақ қабатын қайтып жойылмайтын аса қатерлі улы дәрілердің отанына айналдырады.
25 жылға ғана жалға алып қоймай, тағы ұзартса 40-50 жыл ішінде Семей полигонынан да қауіпті телім-телім жерлерді қаптаған жиендермен қоса Қазаққа қайтарып беріп, бүлінбей тың тұрған таза жерлерге ауыз салады.
Ол кезде бұларды елден қуалап көріңіз!
Айта берсек, дәлел мен факт шаштан көп.
Қысқасы, жерді жалға беру дегеніміз, ертеңгі миллиондаған Қазақтың тамырын шауып, құлдыққа түсіру! ҚАЗАҚ дейтін қасиетті ұлттың жер бетінен біртіндеп жойылуына алып келу! 100 миллион Үндістің сүйегінің үстіне тұрғызылған Америка сияқты екінші қытай елі бізде пайда болмауы үшін, байтақ даланы келешекке аман қалдыру үшін басымызды тігіп, қарсы шығайық, ағайындар!
Ұларбек Дәлей, ақын