Қалдықсыз өмірге қалай қол жеткіземіз?!

Dalanews 28 қыр. 2021 08:56 1361

Табиғат – өмір – адам. Төңірегін технологиямен түрленткен «homo sapiens»  толайым табиғаттың талғамына бағынғысы, қайғы мен мұңын сезiнгiсi келмейді. Егер күндердiң бiр күні Табиғат-Анаға тiл бiтер болса, өзiнiң төсін тiлгiлеген төл баласына өкпе-назын бiлдiрер ме едi, кiм бiлсiн?..

Жас өнертапкыш Ұлар Ахметжановпен сыр шертiсiп отырмыз. Тақырыпқа тамызық болып отырған жайт – экология, оның бүгiнгi жай-күйi. Ұлар осы төңiректегi бiраз түйткiлдiң басын ашып беріп отыр.

– Бiрнеше жылдың жүзі өтті, экология мәселесiнiң астарына терең бойлап жүрмін. Үңiлген сайын үрке түсем. Қазiр бiздiң планетамыздағы әрбiр қала тұрғыны жылына 300 келі тұрмыстық қалдық шығарады екен. Егер осы санды әлемдегі 7 миллиард адамға көбейтсеңiз, осыншама күл-қоқысты, оның iшiнде өндiрiстiк, техногендiк қоқысты бойына сыйдырып, сiңірiп отырған жерiмiздiң төзiмдiлiгiне таңқаласын.


Әлемдi қоя тұрып, Қазақстан жайлы айтайын. Жаманшылық шақырып отырғаным емес, бiрақ қазақ даласы қазiр қокысқа толып келеді. Менiң бiлуiмше, бiздiң жерiмiзде бүгінге дейін жиналған 20-21 миллиард тонна қалдық бар. Жарайды, егер бұлар ертең жерге сiңiп жоқ болып жатса бір сәрi. Осының iшiнде шамамен 15 миллиард тоннасы өндiрiстiк қалдықтар болса, 5 миллиардқа жуығы адам денсаулығына аса қауіпті әсері бар химиялық қоқыстар. Бұл аз ба, көп па өзiңіз бағалай жатарсыз. Бірақ бұған көз жұма қарауға болмайды. Мен негізгі айтарыма көшейiн. Негiзi сөз еткен деректерiм әншейін ресми статистика, арнайы күл-қоқыс алаңдарына төгілген қалдықтар мөлшері. Бар мәселе де осында. Әзiргi күнi бiз қатты тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстың 90 пайыздан астамын арнаулы күл-қоқыс алаңдарына төгумен келеміз. Ал олардың ертенгi күнi жерге сiңбей, ауаға зиянды газдар бөліп шығаратынына мән бере бермейміз, – дейді ел экологиясының ертеңгi тағдырына алаңдаушылық танытқан жас өнертапқыш.

Ол соңғы уақыттары күл-қоқыстарды айналаға зиян келтірмейтіндей жоюдын жолдарын іздеуде. Осы саланың басы-қасындағы мамандармен сөйлесіп, Ресейге, Қытайга жол жүреді. Бірақ, технологиялық тұрғыдан тыңнан түрен салатындай әдіс таппай, әуре-сарсаңға түседі. Үмітім үзілді ме деп жүрген күндердiң бiрiнде Ұларға Германияға барудың сәтi түстi.

–  Германияга барам деп үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Сенсенiз, олардың өмiрi кәдімгі қиял-ғажайып ертегіге ұқсайды. Технологиясы дамыған, халқы бай. Көзiмнiң жеткенi, әлгi шетелдiң киноларынан көрсетіп жататын еуропалықтардың уайым-қайғысыз тірлігі тіптен жасанды дүние емес екен. Сол жолы сәті түсіп Берлин, Франкфурт, Гамбург сияқты қалаларды аяғым талғанша шарладым. Қалалары бейне бір шебердің қолынан шыққандай, бiрiнен-бірі аумайды. Мені таңғалдырған Германия қалаларынын мұнтаздай тазалығы болды. Бiздегiдей сағызды орындыққа жапсыра салып, шалқайып шемішке шағып, былш-былш түкiрiп, темекі тұқылын калай болса, солай лақтыра салатын адамды көрмейсің. Мысалға, Берлиннiң көшелерi, саябақтары, аулалары, қыл-аяғы қоқыс тастайтын жәшiктерiне дейiн айнадай таза. Әрбiр қоқыс жәшiктерi лақтыратын қалдықтарға байланысты жеке-жеке сұрыпталады. Айталық, темекі тұқылын лақтыратыны бiр бөлек, тамақтан қалған қалдықтарға бiр бөлек жәшік. Адам жүретін жалғыз аяқ жолдарына дейін жарқырап жайнап тұр. Тегi еуропалықтардың аяқ киiмдерiн де шешпей, табалдырықтан төрге өтiп кететiндерi содан болса керек. Кешқұрым олардың саябақтарына қырғын халық жиналады Бірақ, артынан қоқыс қалдырып, төңiрегiн шашып-төгіп жатқандарын көрмедік. Бiзде табиғат аясына қыдырып шыққан әрбір адамның артында кем дегенде 10 келі тұрмыстық қалдық қалады...

Неміс халқының көшелі мәдениеті Ұларға үлкен ой салады. Тазалығы өз алдына, 80 миллионнан аса халықты асырап отырған алақандай мемлекет мың сан тонна қоқыстан қалай құтылып отыр? Сейтсе, немістер кәдiмгi полиэтилен пакеттердiң жерге өздiгiнен сiңiп кететін түрін ойлап тауыпты!

– Иә, неміс халқы қоқыстан оңай, шығынсыз құтылудың жолын тапқан бірден-бір ел. Мысалға күн сайын тұрмыстық қалдық салып қоқысқа тастайтын полиэтилен пакеттерi 200 жылдан астам уақыт шiрiмей жатып алады, бұл өз алдына пакетпен бірге кеткен консерві қалбырлары, шыны сынықтары 900 жыл бойына, апельсин мен банан қабықтары 1 жыл, қағаз өнiмдерi – 2-8 жыл, темекi тұқылдары – 11 жыл жойылып бiтпей, топырақ жеп жатады, – дейді Ұлар.

Сонда қазақ ғалымдарының осы тараптағы инновациялық идеясы, өндiрiске енгiзер жобасы болмауы керек пе? Осы сұрақтың жауабы толғандырған Ұлар елге келе сала бiздiң табиғатымызға икемделген полиэтилен пакеттердi өндiру iсiн бел буып, білек сыбана қолға алды. Елiмiзде әлi күнге дейiн тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесі дұрыс жолға қойылмай отырғанда, жас өнертапқыштың жасап шығарған жобасы қоқыс, қалдықтардан құтылудың тиiмдi жолы болары сөзсіз.


Ұлар жасап шығарған органикалық пакеттердiң немiс технологиясынан бір ерекшелігі – бұлар өзiмен бiрге жиналған қоқысты да қоршаған ортаға зиянсыз жерге сіңдіре алады. Демек, бұлар өздігінен өңделеді деген сөз. Дей тұрғанмен, аталмыш инновацияны кеңiнен қолданысқа енгiзуге елiмiздiң ipi-iрi сауда дүкендері әлі құлық таныта қойған жоқ. Ұлар болса, өзiнiң ойлап тапқан тың идеясы ертеңгi күнi қоғам тарапынан айрықша назарға ілігеріне сенімді.

Думан Танабасов

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар